Биыл 1 003 ауылдық мектептің инфрақұрылымы жақсартылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 1 015 мектеп жаңғыртылды. Яғни жоспар орындалды. Атап айтқанда, 806 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 597 мектепке мыңнан астам пәндік кабинет сатып алынды. 684 мектепте жиһаз жаңартылды. 48 мектептің асханасы жаңғыртылды», – деді министр.

Ол биыл аталған жұмыстар одан әрі жалғасатындығын, 1 003 ауылдық мектептің инфрақұрылымы жақсартылатынын баса айтты.

«Әр өңір бойынша нақты көрсеткіштер бекітілген. Оны әкімдіктер біледі. Осы көрсеткішті орындау аясында жергілікті атқарушы органдар белсенді жұмыс істеуі керек. Соңғы кезде ескірген, дер кезінде күрделі жөндеуден өтпеген мектептердің апаттық қауіпті жағдай тудыру фактілері тіркелуде. Айтылған оқиғалар сабақтан тыс уақытта орын алғаннан кейін ғана оқушылардың өміріне қауіп төнген жоқ. Осы орайда барлық әкімдіктерге салынғанына 50 жылдан асқан мектептерге тиісті техникалық аудит жүргізуді сұраймын», – деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!