Еліміздегі 16 жоғары оқу орнының өкілдері Қызылордада «Серпін» жобасы туралы ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде өткен жиынға облыс бойынша 500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында оқушылар мен ата-аналар, мектеп директорларының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасарлары бар.

«Серпін» бағдарламасы 2014 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама бойынша осы кезге дейін 30 мыңнан астам білім беру гранты тағайындалған.Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің бас сарапшысы Әділбек Мансұров айтты.

-2023-2024 оқу жылында талапкерлер үшін 3653 грант қарастырылған.
«Серпін» жобасы арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтсақ, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Айта кетерлігі, 2022 жылдан бастап оқу бітіргесін грант өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Сондай-ақ, бұрын мамандар өзі оқыған аймақта ғана грантты жұмыспен өтейтін болса, енді 11 аймақта қызмет ете алады, – деді Әділбек Ерланұлы.

Биыл талапкерлер солтүстік өңірдегі 18 жоғарғы оқу орнына «Серпін» бағдарламасы арқылы оқуға қабылданады.

Солтүстік өңірден келген ЖОО өкілдерінің арасында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің докторанты Бағдәулет Анас та бар.
Ол 2014 жылы Түркістан облысында мектеп бітіріп, «Серпін» жобасы арқылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне оқуға түскен. Өзі білім алған оқу орнына жұмысқа орналасқан жас ғалым талапкерлерге «Серпін» жобасының тиімділігін түсіндірді.

Жиын барысында оқушылардың да пікірін білдік. Сырдария ауданы, Жетікөл ауылынан келген Сандуғаш Нұрланқызы солтүстік өңірдегі университеттер туралы кеңінен ақпарат алғанын айтты.

-Біз үшін оқу орнының білім берудегі сапасы өте маңызды. Өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын таңдаудамын. Алдағы уақытта «Серпін» жобасы арқылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетіне түскім келеді, – деді #174 орта мектептің 11-сынып оқушысы Сандуғаш Нұрланқызы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!