«Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының Арал аудандық кезеңі мәресіне жетті. Аудандық мәдениет үйінде өткен байқауда аудан мектептері бойынша 135 оқушы «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан жарысып, бақ сынады.

Байқауды «Qazaq Epos» қоғамдық қоры «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық білім басқармасы және «Дарын» қосымша білім беру орталығымен бірлесе отырып ұйымдастыруда.

Байқаудың ашылу салтанатында «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжахан Сағындыққызы құттықтау сөз сөйлеп, талапкерлерге сәттілік тіледі.

– Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын. Байқау өңірімізде де жоғары деңгейде өткізіліп жатыр. Облыста 25 қазаннан басталған байқаудың 713 оқушы, бүгінгі Арал аудандық кезеңіне 135 оқушы қатысуда. Барлығыңызға сәттілік тілейміз, – деді ол.

Байқауға«Nur Otan» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Қанатов, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ғайни Кенжебекқызы, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Жанар Әлішева, филолог Ерғали Абдулла, аудандық «Толқын» газетінің редакторы Абай Елеш, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Сая Ералиева, «Qazaq Epos» қоғамдық қорының өкілі Нұрсұлтан Қаражан қазылық етті. Сайыста оқушылардың жырды жатқа айтқа айту барысында кідірмей, мүдірмей оқуы, жырды толық жаттауы ескеріледі.

Нәтижесінде, қазылар шешімімен Арал ауданы бойынша келесі оқушылар жеңімпаз атанды:
1 орын(150 мың теңге) – №263 мектептің 6-сынып оқушысы Көпберген Қарақат, дайындаған мұғалімі Айнагүл Кузенова;
2 орын(100 мың теңге) – №73 мектептің 10-сынып оқушысы Қарақат Берікқызы, дайындаған мұғалімі Нұрсұлу Ибраева;
3 орын(50 мың теңге) – №82 мектептің 10-сынып оқушысы Нұрислам Жұмадин, дайындаған мұғалімі Айнұр Төлегенова.

Байқау жеңімпаздарын «Nur Otan» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Қанатов құттықтады. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ғайни Кенжебекқызы жүлделерін табыстап, байқаудың аймақтың кезеңінде сәттілік тіледі.

Барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, үздік үштіктен көрінген қатысушылар байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы, ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қоры бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауын жариялаған болатын.

Жобаның мақсаты – оқушылар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау, өскелең ұрпақтың шығармашылық және зияткерлік қабілетін дамытуға жағдай жасау, оқушыларды халық поэзиясына, асыл мұраға деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің беделін көтеру.

Байқау 6-10 сынып оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан өтеді. Қатысушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беруі тиіс.

Байқауға облыс бойынша 662 мұғалім дайындаған 713 оқушы қатысуда.