Айгүл Өткелбаева, №101 мектеп-лицейдің директоры:

Айгүл Алтынбекқызы, жыл басталғалы көп уақыт бола қойған жоқ. Әңгімемізді мектеп ордасында қолға алынған жаңа жобалардан бастасақ…
− Мектепте 2019 жылдан бері бес бағыт бойынша «Жасыл мектеп» жобасы жүргізіліп келе­ді. Қазір жобаның аясын кеңейтіп, энер­гияны, суды үнемдеу, салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, биоалуантүрлілік, тазалықты сақтау негіздеріне сүйене оты­рып, жеті бағытқа ауыстырдық. Бүгінде «эколо­гия­ға деген жанашырлық, тазалықтың бәрі өзіңнен, үйіңнен басталады» деген ұранмен жұмыс жасаудамыз. «Жасыл мектеп» деге­німіз жылыжай баптап, гүл өсіру ғана емес. Мәселен, біздің мектептегі жылыжай ішін­де қияр, қызанақ, болгар бұрышы, құлпы­най егіледі. Бұл жердегі негізгі идея − оқу­шы­ларға егін ектіріп, кәсіп бастау емес, ғы­лыми жобаларға тәжірибе болсын әрі шә­кірт­терде дағды қалыптассын деген ой. Осыған дейін елуге жуық оқушының ғылыми жұ­мы­сы жүлделі орынға ие болды. Биылғы «Зерде» ғылыми жобалар байқауында оқушылар 32 орынды қанжығасына байлады. Ал 8-11 сынып оқушылары биология, химия пәндері бойынша алда келеді. Мұның бәрі оқушылардың тәжірибені өз қолымен жасап, түсінгенінің нәтижесі. Осы орайда оқушылардың үздік жұмыстары есіме түсіп отыр. Мектепті екі жыл бұрын бітірген Елдос Төлепберген есімді оқушымыз болды. Ол үйіне түрлі өсімдіктер мен көкөністерді отырғызып, көшеттерді мектепке алып келетін. Ғылым мен білімге деген қызығушылығы жоғары шәкіртіміз – «Елбасы меда­лін» иеленген облыстағы алғашқы түлектердің бірі. Қазір мектепте Елдостың ізін жалғастырушы оқушылардың қатары көп. Былтыр Айару Бақытжан есімді оқушымыз эко-күнтізбе шығарып, көпшілікті тәнті етті. Эко-күнтізбенің ерекшелігі табиғатты қорғауға арналған халықаралық, мемлекеттік күндер арнайы белгіленген. Сондай-ақ күнтізбеде орналасқан QR-кодты сканерлеу арқылы оқушының мультипликациялық туындыларын көруге болады. Шәкіртіміздің бұл жобасы республикалық байқауда үздік деп танылды. Байқағаныңыздай, осындай қадамдар арқылы біз оқушыларға экологияны сақтау, табиғатты қорғау дағдысын қалыптастырудамыз. Тағы бір айта кетер жайт, экология термині тек табиғатқа қатысты айтылмайды. Бұл сөз адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынастың болуын да сипаттайды. Мектептегі ауқымды жоба адамдар арасындағы адамгершіліктен, ұлтжандылықтан бастау алып, Отанды сүюге, туған өлкені қадірлеуге ықпал етеді деп ойлаймыз.

− «Жасыл мектеп» жобасы қалай қолға алынды?
− Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл мемлекет», «Жасыл ел» тұжырымы жайлы айтқан тұста «жасыл мемлекет жасыл мектептен бас­талса» деген ой келді. Әрі қарай іздене келе, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жаратылыстану ғылымдарының кандидаты Рахат Хамитұлымен бірлесе отырып, «Жасыл мектептің» тұжырымдамасын жасадық. Жан-жақты зерттеу нәтижесінде «Жасыл мектебі» дамыған мемлекет Беларусь екенін білдік. Өткен жылы мамыр айында облыстық білім басқармасының қолдауымен біз Беларусияға тағылымдамадан өтуге арнайы барып,«жасыл университет, жасыл колледж, жасыл балабақша, жасыл дәріхана» жобасымен танысып келдік. «Еуропаның өкпесі» саналатын Беларусия бізге бәрі бір шыбықтан басталатынын, көгалдандыру жұмысына көп көңіл бөлу керегін түсіндірді. Сол жақтағы мектеп-гимназиямен меморандумға отырып, бірнеше рет оқушылармен бірге эко-марафон жасадық. «Беларусия-Қазақстан» арасындағы бұл көпірге аудандардағы оқушыларды да әлеуметтік желі көмегімен қамтудамыз. Бұл жобалар болашақта жалғасын тауып, әлі де үлкен қадамдар жасайтынымызға сенемін. Айта кетейін, былтыр жоба аясында мектептегі жаратылыстану бағытындағы сынып бөлмелерін жаңаладық. Оған қоса оқушылар үшін «Өлкетану» кабинетін де дайындадық. Ол жерден аймақтағы құнды жәдігерлерді, құрқылтайдың ұясын, әртүрлі өсімдіктердің гербарийы сынды дүниелерді көруге болады. Қазір аймақтағы өзге мектептер де келіп, тәжірибе алмасып, «Өлкетану» кабинетін ашуға ниет білдіріп жатыр.

Жуырда облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет тәрбие жұмысын жандандыру керегін және тәрбие орта­лығын құруды ұсынды. Білім ордасында бұл бағыттағы шаралар қалай жүр­гізілуде?
− Қазір мектепте ұлттық құндылықтарға, тәрбиеге сәйкес көбірек қозғалыс жасаудамыз. Жуырда ғана мектебімізде «Менің батырым, менің әкем, менің досым» атты сайыс өтті. Шара барысында әкелер мектебімізге келіп, отбасындағы тәрбиенің маңызды екенін тағы бір дәлелдеді. Одан бөлек 1 сыныптар арасында бірнеше күнге созылған отбасылық марафон жүргізілді. Ал көктемде халықаралық әйелдер күніне орай «Менің әжем» деген ауқымды шараны жоспарлаудамыз.
− Биылғы мектеп бітіруші түлектердің білім бәсекесіне дайындығы қандай? Қабілетіне сай мамандық таңдауы үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?
− Кәсіби бағдар беру бойынша университетпен, колледждермен бірге ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен, педагогика маманы болғысы келетін оқушылар мектепте тәлімгерлік жүргізе алады. Бұл балаларды көшбасшылыққа үйрететін жақсы мүмкіндік деп ойлаймын.
Қаңтардағы ҰБТ бойынша оқушылар жоғары нәтиже көрсететті. Былтыр Дәулет Омаров есімді оқушымыз физика-математика пәнін таңдап, ҰБТ-да облыс бойынша ең жоғары 137 балл жинады. Бұл нәтиже де мұғалімдердің біліктілігі мен сапалы білімнің көрсеткіші деп ойлаймын.

Мектеп орын тапшылығы бар білім беру орындарының қатарында. Бүгінде қосымша құрылыс жұмыстары қалай жүргізілуде?
− Иә, қазіргі кезде мектеп жанынан 375 орындық үш қабатты құрылыс жұмысы жүргізілуде. Жаңа оқу жылынан бастап қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Сондықтан алдағы уақытта мектебімізде орын тапшылығы болмайтынына сенімдімін.
− Білім саласында сізді қандай мәселе алаңдатады?
− Мені адамдар арасындағы қарым-қатынастың аздығы ойландырады. Соңғы уақытта көршімен, туысқандармен араласу сиреп барады. Кезінде біз бір үйдің емес, бір ауылдың баласы болып өстік. Қазіргі балалар адамдармен емес, телефонмен байланыста болуды қалайды. Сол үшін балалардың, көршінің, ағайынның арасындағы қарым-қатынасты жандандыру керек тәрізді. Біздің ең басты құндылығымыз – қонақжайлығымыз, жақынға деген жанашыр көңіліміз. Осындай жылы қарым-қатынасты балаларға үйреткім келеді.
− Сұхбатыңызға рақмет!


Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!