Студент болса да бизнес бастап, кәсіпкер ретінде танылып үлгерген жастар бар. Университетте олардың стартап идеяларына қолдау білдіретін бірден-бір орталық – «Business Start» бизнес-инкубаторы.

Жуырда орталықтың қолдауымен белсенді жастар «Startuphana Kyzylorda» семинарына қатысты. Ауқымды шараны «Business Start» бизнес-инкубаторы, Astana Hub халықаралық технопаркі және облыстық ақпараттық технологиялар орталығы ұйымдастырды.

Университеттің ғана емес, колледж бен мектептердің де білім алушылары қатысқан семинарда стартапты бастау, идеяларды іске асыру, инвестиция тарту бойынша маңызды ақпараттар айтылды.

– Студенттердің көбін стартапқа идея табу, қаржы көздерін тарту мәселелері алаңдатады. Кейде стартаптар жүзеге аспайды. Мұның басты себебі идеяның сұранысқа ие болмауында. Сондай-ақ, менталитеттің ерекшелігі де, біліктіліктің жоқтығы мен бәсекелестердің көп болуы да әсер етеді. Бизнес бастау үшін қазіргі трендтерді зерттеу, эксперт болу, нарықтың әлсіз тұстарын табу аса маңызды, – деді «Business Start» инновациялық жобаларды іске асыру орталығының басшысы Жанарыс Тубекбаев.

«Business Start» бизнес-инкубаторы осы кезге дейін жастарға арналған «Startup meetup» кездесулерін өткізген болатын. Алдағы уақытта бизнес-инкубатор «Hack-masters» стартап жобалар хакатонын ұйымдастырмақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!