Бүгінде жиһаз бағасы аспандап тұр. Оны дүкенге кіргенде бірден аңғаруға болады. Сосын дұрысы ескіні жаңалаған тиімді ме деп ойлайсыз. Расында бұрынғы дүниені жөндетер болсаң, жаңа дүниеден ешқандай айырмашылығы болмайды. Сапалы, тартымды етіп істеуге бүгінде кәсіпкерлер машықтанған.
Аралдық Сәуле Елемесова да осы іспен айналысып келеді. Оның жұмысына тұрғындар дән риза. Ол тұтынушылардың көңілінен шығу үшін қанша уақыт қажет болса да, алған тапсырысты тындырымды жасауды мақсат еткен. Бүгінде оның тұтынушылары өте көп. Біз бір дүниені жасасақ, жан-жаққа хабарласып, сүйінші сұрауға асығамыз ғой. Істеген жұмысы көңілінен шықса, кәсіпкерге тұтынушыны да өзіміз тауып береміз. Міне, Сәуленің көп тұтынушылары осылай пайда болған. Ол «Бастау» жобасы аясында кәсібін дөңгелетіп отыр.
«Бүгінде ескі дүниені жаңалауға тұрғындар үйреніп келеді. Бұрын жаңасын сатып алатындар көп еді, бүгінде қайта қалпына келтірушілер саны артқан. Тұтынушылар біреу арқылы хабарласып тұрғанын айтқанда қуанып қаламын. Тұтынушыны іздеп әуре болмаймын, бір-екі жерге барсам, үш-төрт тұтынушының өздігінен шығатыны жақсы. Сондықтан да әр ісімді тиянақты жасауға асығамын» , – дейді кәсіпкер.
Сәуле тігіншілікті анасынан үйренген. Өзі Аралдағы шағын тігін шеберханасында жұмыс істеп, тәжірибесін жетілдіреді. Кейін өзі тұратын сол өңірде жиһаз әзірлейтін кәсіпорында жөндеуді, оларға қаптама жасауды үйренеді.
– 2019 жылы таныс келіншектер «Бастау» жобасында оқып, қолынан келетін тірліктерін кәсіпке айналдырып жатқанын айтты. Мен де қызығып кеттім. Шүкір, қолымнан тігін тігу де, жиһаз жөндеу де келеді. Сонымен ойлана келе хоббиімді кәсіпке айналдырмаққа бекіндім. «Бастау» жобасын оқып, кәсіпті бастау, жүргізуге қатысты құнды ақпараттар алдым. Білім көкжиегімді кеңейттім», – дейді Сәуле Елемесова.
«Бастау» жобасының көпшілік үшін тигізген пайдасы көп. Қайтарымсыз қаржыны жастар да игілігіне жұмсауда. Курсты оқып, бизнесті жалғастыруды Сәуле секілді жастар тым жақсы меңгеріп кетті. Ол бизнес-жоспарын сәтті қорғап шығып «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, 530 мың теңге қолдау алады.
– Кәсібімді бастайтын кезең өткен жылғы пандемия, карантин шектеулері уақытына сай келді. Дегенмен, карантин талаптары жеңілдетілген кезде көрші облыстан кәсібіме қажетті тігін машинасы, құрал-жабдықтар алып, қызметімді бастап кеттім», – дейді кәсіпкер.
Алғашқы тапсырысын жиһазға қаптама тігуден бастаған Сәуле кей жағдайда сынған мүліктерді жөндеуге де тура келгенін айтады.
– Бірінші кезде кей азаматтар тапсырысты орындай алатыныма күмәнмен қарады. Себебі ескі жиһаздардың кейбірі сынық болып келеді. Қолға ара алып, өзім жөндей салатынмын. Қаптамасын әзірлеу барысында да күшті қажет ететін сәттер жеткілікті. Сол жағынан әйел адам жасай алмайды ғой деп тартыншақтағандары болды. Бірақ жұмысымның нәтижесін көргеннен кейін алғысын айтып, ризашылығын білдіруде», – деп Сәуле Елемесова қызмет көрсету кезіндегі қиындықтарымен де бөлісті.
Бүгінде Аралда кәсіпкердің қызметіне сұраныс жоғары. Сәуле алдағы уақытта кәсібін кеңейту үшін жеңілдетілген несие алып, киімдер тігуді қолға алуды жоспарлауда. Ал өзі секілді кәсіп бастағысы келген жандарға мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, шағын болса да кәсіп ашып, еңбек етуге шақырады.
Осындайда оңай жұмыстың жоқ екеніне көзің жетеді. Әйтпесе ер баланың көмегі қажет ететін жиһазды Сәуле өзі жасап келе жатқаны да құптарлық іс. Кәсіпті бастады, өзі алып кете алатынына көзі жетті. Бүгінде «сенің қолыңнан келе ме?» деген күмәнды сейілтіп, қыз баланың қолынан да біраз істің келетінін дәлелдеп бағуда.
Айта кету керек, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының берген ақпараты бойынша, «Бастау» жобасы аясында биылғы жылдың өзінде облыста 1-лекке 693 азамат оқуға қабылданып, 380-і «оқуды аяқтағандығы» туралы, 6-ауы «қатысқандығы» жөнінде сертификат алып үлгерді. 252 қызылордалықтың бизнес-жоспары қаралуда. Ал 55 азамат оқуға қатыспағандықтан немесе қорытынды тестілеуде тиісті балды жинай алмағандықтан оқудан шығарылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!