Жан-жақтылық – бүгінгі күннің басты талабы. Жастар сол талаптан шығып жүр. Кезекті кейіпкеріміздің әмбебаптығы соған дәлел. Дәулет Ізбасардың негізгі мамандығы – заңгер. Кәсіпкерлікпен де айналысады. Ол жеке заңгерлік орталықта азаматтарға құқықтық кеңес беріп, түйткілді мәселелерінің түйінін тарқатуға көмектеседі. Заң сақшысы сүйікті ісі – кәсіпкерлікті қатар алып жүруге жүрек қалауымен таңдаған мамандықтың кедергі келтірмейтінін айтады.

Дәулет 2019 жылы «Әділет» дара кәсіпкерлігін құрған. Ол бүгінде 4 бағыт құқықтық қызмет көрсету орталығы, автокөлік жөндеу, той-жиын өткізуге арналған арнайы шатырларды жалға беру және сабын өндіру ісімен айналысады. Қызмет көрсету саласында тиімді жұмысты үйлестіріп келе жатқан іскер жігіт жас болса да 30-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның айтуынша, «Әділет» құқықтық кеңес беру орталығында осы кезеңге дейін 300-ге жуық тұрғын әділеттілікке қол жеткізді. Қоғамның құқықтық сауатын арттыруға үлес қосып жүрген жан бұл ретте қазір басына іс түсіп, көмекке жүгінгендерді қолтығынан демеуді тәжірибелі маман қолына тапсыру қажет деп біледі. Себебі, кәсіби білікті заңгерлер әлі де аз. Мамандардың өз мамандығына сәйкес жұмыс істеуі маңызды мәселе болып отыр. Ал, заңгерлердің ішкі дайындығы, кәсіби стандартқа сәйкестігі, заң жұмысының негізін білуі қай кезде де басты талап болып қала бермек.

Өз саласының маманы құжат мәтіндерін жан-жақты талдай алу керек. Шынайы көмек сонда беріледі. Осы мамандықты тәмамдағанбілікті мамандар жоғары интеллектуалды әрі ұйымдастырушылық қабілетке ие болуы тиіс. Өйткені қазір заңгерге жұмыс аз дегенді жиі естиміз. Алайда, сауатты, білімді маманға қай кезде де сұраныс бар. Ізденіс, өз бетінше біліктілікті көтеру маңызды. Өз ісінің майталманына айналу уақыт еншісіндегі дүние, дейді ол.

Кейіпкеріміз соңғы уақыттарда халықтың көпшілігі әлеуметтік мәселелер бойынша заңгер кеңесіне жүгінетінін айтты. Бұл ретте халықтың құқықтық сауаттылығы әлі де болса төмен екені байқалады, себебі ғаламтор желісінің өзінде бірқатар ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік бар. Бірақ, электронды қызметті пайдаланбайтындардың, мекенжай бойынша анықтама алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып кезекке тұратын тұрғындардың әлі де бары көп нәрсені аңғартады. Цифрлы сауаттылықтың төмендігі мен өз құқығыңды білмеу фактілері бір-бірімен тығыз байланысты.

Дәулетпен әңгіме кәсіпкерлік саласында да өрбіді. Жоғарыда айтқанымыздай, кәсіпкер қызмет көрсету саласындағы ісін ұршықша иіріп келеді. Ол карантин уақытында шатырларды жалға алуға ниет білдіргендер көп болғанын айтады. Ал, көлік жөндеуге қай кезде де сұраныс жоғары. Толымды тәжірибе жинақтаған кейіпкеріміз жақында сабын дайындауды қолға алды. Бұл ретте ол кәсіп бастау үшін көп қаражат қажет еместігін, нық жоспар мен айқын мақсат бірінші орында екенін жасырмады. Басында оңай соқпауы мүмкін, алайда уақыт өте кез келген іс ілгері басады.

– Сабын дайындау идеясы – төртінші бастама. Бұл – бір жағынан шығыны аздау кәсіп.Дүкен сөрелерінен сабынның әртүрлісін байқауға болады. Бұл ретте сапа мен баға ғана ұтады. Біз қолжетімділікті бірінші орынға қойдық. Өнімге «Taza сабын» атауын бердік, ол гипоаллергенді. 72 проценттік сабынның салмағы 100-300 граммға дейін жетеді. Баға қолжетімді, 47-97 теңге аралығында сатылады. Қуантатыны, тапсырыс көп, аудандарға да жөнелтудеміз және кері байланысқа ерекше мән берудеміз. Өнімді шығаруда әрбір тұтынушының пікірі ескерусіз қалмауда, дейді ол.

Еңбек деген аталы сөзді ту етіп, істің қай түрін болмасын дөңгелетіп әкеткен Дәулеттің бастамалары көпке үлгі. Нарық заманында қос қолды қалтаға салып жатпай, өзіне қолайлы кәсіпке серпін сыйлаған жас осы қасиетімен де ел ықыласына бөленіп жүр.

М.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!