Бала күнінде Ақтолқынның тәтті пісіруге деген қызығушылығы ерекше еді. Ол кезде бүгінгідей құрал-жабдық пен дайын өнімнің түр-түрі болмаған. Соған қарамастан, кішкентай қыздың қиялы кең болатын. Таба нанның үстіне сары май жағып, бидай сеуіп, оны әдемілеуге тырысатын. Ақтолқын бұл қызығушылық жылдар өте келе өмірлік кәсібіне айналарын ол кезде білмеген еді. Бүгін біз шалғайдағы Қаратерең ауылында негізі қаланған «Ақтолқын тәттілері» жайлы әнгімелейміз.
Жас кәсіпкер тұрмыс құрғаннан кейін де көрген тәттілерін зерттеп, дәмін бағалап, қалай жасалғанын өздігінен үйрене бастады. Ал алғашқы пісірген тәттінің тарихы отбасы үшін ерекше естелік болып қалды. Үлкен ұлының туған күні күз мезгілімен тұспа-тұс еді. Жаздың ыстығы қайта қоймаған қыркүйекте қаладағы тортты ауылға жеткізу оңай емес болатын. Оның үстіне ауылда тортқа тапсырыс беретін арнайы кондитерлік дүкен де болмады. Осы кезде Ақтолқын тәуекелге бел буып, баласына қазіргідей әсем әрі тіл үйірер балған тортты өзі жасап берді. Бірақ сол бір торт кәсіптің алғашқы қадамы болатынын ешкім де білген жоқ. Бастапқыда өнімдерін тек жақындары мен таныстарының дастарханына әзірлеген ол көп ұзамай тәтті тоқашқа тапсырыс қабылдай бастады. Халық бір-бірінен естіп, тортқа сұраныс көбейе берді. Осылайша үйдің шағын асханасында басталған жұмыс біртіндеп кәсіпке айналды.
«Ауылда жүріп, өзіміздің отбасылық қуаныштарымызға, туған-туыс отырыстарына арнайы торт жасап жүрдім. Қазір осы кәсіпті қалай бастап кеткеніме өзім де таңғаламын. Тынбай еңбектенудің нәтижесінде халықтың алғысын алып келеміз. Тіпті кәсіпті бастауға үлкен қаражат та қажет болмады», – дейді Ақтолқын Жинүлдікова.
Алайда кәсіптің өркендеуіне отбасының қолдауы үлкен себеп болды. Бүгінде «Ақтолқын тәттілері» атауымен халыққа қызмет көрсетіп отырған Ақтолқын ең алдымен жолдасының, отбасы мен абысынының қолдауы көп екенін атап өтті. Әсіресе алыс елді мекендерге тапсырыс жеткізу қажет болған жағдайда жолдасы бұл істі ұйымдастырып, жан-жақты көмектеседі екен.

Ақтолқын ауылда кәсіп бастаудың өзіндік артықшылығы бар деп есептейді, себебі мұнда бәсекелестік қаладағыдай жоғары емес. Қазір Қаратерең тұрғындарынан бөлек, көрші аймақтардан да тапсырыс қабылдануда. Бірақ бұл ауылдық жерде жұмыс істеудің қиындығы жоқ деген сөз емес. Әсіресе тортты безендіруге қажетті кейбір өнімдер мен балғын жеміс-жидектерді дер кезінде табу оңайға соқпайды.
«Кейде аяқ астынан әдемі декордағы тортқа тапсырыс түскенде, балғын күйдегі жеміс-жидек табу қиын болады. Сондайда «қалаға жақын жерде орналасқанымызда ғой, бұдан да әдемірек жасар едім» деп ойлаймын. Соған қарамастан мен дайындайтын әр өнім ерекше деп айта аламын», – дейді кәсіпкер.
Ақтолқын әр тапсырысқа өзіндік бояу беруге тырысады. Қазір интернеттің дамуы тұтынушы талғамын да өзгертті. Адамдар әлеуметтік желіден ұнаған торттың суретін алдын ала жіберіп, дәл сондай немесе соған ұқсас өнімге тапсырыс бере алады. Ал Ақтолқын үшін әрбір торт – жаңа ізденіс. Кондитерлік сала сырт көзге әдемі көрінгенімен, оның артында үлкен еңбек жатқанын кәсіпкер жақсы біледі.
– Кондитерлік – машақаты мол сала. Бір күнде бірнеше үйдің дастарханын әзірлеуге болатын шығар, ал күрделі безендірілген екі-үш тортты бір күнде жасап шығару оңай емес. Ауыл халқының саны көп болмағандықтан, үлкен цех немесе арнайы кондитерлік үй ашу әзірге тиімсіз. Оның үстіне мұндай кәсіптің шығыны да аз емес. Сондықтан үйімің шағын асханасынан басталған кәсібімді «Ақтолқын тәттілері» дүкеніне дейін жеткізе алғаныма қуанамын, – дейді кондитер.
Қазір дүкеннің жанынан шағын кафе де жұмыс істейді. Онда 10-15 қыз-келіншек тәттімен шай ішіп, әңгімелесіп, уақытын жайлы өткізе алады. Осылайша Толқын тек тәтті өнім ұсынып қана қоймай, ауыл тұрғындары үшін бас қосып, демалатын шағын орта қалыптастыруға да үлес қосып отыр.
Толқын үшін кәсіп – тек табыс көзі емес, адамның өз мүмкіндігін сынайтын еңбек мектебі. Ол әр қиындықтың артында жаңа мүмкіндік бар деп есептейді.
«Сен құлаған сәтте, сенің орныңа еңбек ететін адам қашанда табылады. Сондықтан әр кездескен сынақта құламауды ойлау керек. Кәсіп бастағысы келетін жандарға айтарым, қолға алған істі соңына дейін жеткізу үшін қайратты болу керек. Қандай қиыншылық болса да, жарты жолдан тастап кетуге болмайды», – дейді А.Сақтапбергенқызы.
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!