Тігіншілік – текті өнердің бірі. Дегенмен қолына ине ұстаған мен икемі бардың кәсіп бастауға батылы бара бермейді. Қызылордалық жас тігінші, кәсіпкер Бақжан Шайхыслам жақында ғана мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, тігін өнерін киізбен байланыстыру арқылы нарықта кездесе бермейтін бұйымдарды шығаруда.

– Әр адамның өмірге келгенде өзіндік миссиясы болады. Ең басты мақсатымыз – бақытты адам болу. Шын мәнінде өзінің қалауын іске асыра алған адам ғана бақытты. Жақсы көретін адамдарының жанында жүріп, сүйікті ісімен айналысқан адам ғана ешкімге жамандық тілемейді, ешкімнің өміріне араласпайды, жай ғана әр сәттен ләззат алады. Мен өзімнің сүйікті ісімді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде оқып жүргенімде таптым.

Бізге университет қабырғасында қолөнердің түр-түрін үйретті. Өзіме киізбен жұмыс істеу ұнаған еді. Оның қыр-сырын ұстаздарымнан үйрене жүріп, бұл саладағы алғашқы қадамды жасадым. Жамбыл облысынан меринос қой жүнін тапсырыспен алдыртып, қыздарға арналған сөмкелер, қалпақ, қолғап, камзол, байпақ, түрлі аксессуарлар жасап, көрмелерге шығатынбыз. Университет көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде ұйымдастырылған Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы байқауларға қатысып, бақ сынайтынмын. Тіпті, студенттік жылдары киіз басуға қатысты ғылыми жоба дайындап, қорғадым. Байқаулардан жүлдесіз қайтпайтынмын. Осы қолөнер түрі ұнағандықтан кейін оқуды бітірген соң қосымша ақылы курстардан да өттім, – дейді Бақжан Кенішбекқызы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!