Шайды жақсы көретін қазақстандықтар соңғы уақытта хош иісті кофеге әуестене бастаған. Соңғы деректерге сүйенсек, ел тұрғындары жылына 2 мың тонна кофе ішетін көрінеді. Тұтынушыларға оны дәмді етіп әзірлеуде бариста маманының шеберлігі қажет. Себебі әр кофені дайындау әдісі әрқилы. Қала тұрғындарының сүйікті орнына айналған «Coffeelike» барының баристасы Мұрат Махановпен сан түрлі кофенің сырын тарқатқан едік.

2015 жылы даяшы болып жұмысқа тұрып, ысылған маман кофе дайындауды «Buffet city» дәмханасында үйренген. Алғашында кәсіби мамандардың жұмысын видеоға түсіріп, бос уақытында соны қарап, қайталаған. Оны меңгерудің аса бір қиындығы жоқ деп есептейді. Өзге елдегі өзгешеліктермен де өз бетінше танысқан көрінеді.

«Еуропада бұл мамандыққа деген көзқарас өзгеше. Мысалы, Ресейде Еуропамен Италияға қарағанда бариста тек кофе дайындаумен айналысады. Еуропа елдерінде ол бармен де, кофе қайнатушы да, сонымен қатар кофехананың басшысы бола алады. Тағы бір айта кетерлігі, бариста кофенің 40 түрін және одан жасалатын сусындарды дайындай алуы керек. Жақсы маман болса, жұмыссыз қалу деген қорқыныш жоқ. Өйткені елімізді былай қойғанда, бір ғана Қызылорданың өзінде кофеге деген сұраныс бірнеше есе артып отыр», – дейді ерекше маман.

Мұраттың «Coffeelike»-та жұмыс істегеніне 5 айдың жүзі болған. Осы уақыт аралығында ол тұтынушылардың тапсырысына сәйкес анализ жасаған. Айтуынша, халықтың 80 пайызы карамель қосылған латтены жақсы көреді. Капучино, американо секілді түрлерін бірең-сараңы ғана ішеді. Көп жағдайда эспрессо мен американоны шатастыратындар бар.

«Кофені күштілігіне қарай ажыратады. Ешқандай қоспа қосылмаған бастапқы кофе эспрессо аталады. Латте – ең жеңіл кофе. Сүті көп, эспрессода аз болады, яғни латтенің бір бөлігі эспрессо болса, қалғаны сүт. Ал капучинода сүт көбігі бар. Американо кофесі эспрессоға ыстық су қосу арқылы дайындалады. Дәмі ащы. Сүт қосуға да болады. Бірақ көп емес.Кофені шабыт алу үшін ішеді. Ол – сусын ғана емес, жаңа идея беретін күш. Сол үшін келушілерге көп көңіл бөліп, кофенің айырмашылығын дұрыс түсіндіру керек. Қазір біз кофе ішу мәдениетін қалай қалыптастырамыз, кейінгі баристалар солай жалғастырады», – дейді ол.

БАРИСТАДАН КЕҢЕС: Сөз соңында Мұрат  америкалық ғалымдардың кофенің адам өмірін ұзартатынын дәлелдегенін айтты. Дегенмен оны мөлшерден тыс қолданбауға шақырды. Аяғы ауыр әйелдерге күніне 2 шыныдан артық кофе ішуге болмайды. Кофеге қуырылған кофе ұнтағынан бөлек, көптеген тәтті дәмдеуіш, сүт, қант қосылатынын ескеру қажет.

Ерасыл ШӘРІБЕК