Ерсін ОРЫНБАСАРҰЛЫ, жас кәсіпкер:

«Жұмысы жемістінің ‒ өмірі келісті» екені рас. Бүгінде шағын және орта бизнесті дамытуға жүйелі қолдау бар, бастысы, халықта ниет пен мақсат болса болғаны. Мемлекет берген мұндай мүмкіндік ауыл жастарына да жаңаша серпін беруде. Сөзімізге Қармақшы ауданына қарасты Дүр-Оңғар ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Ерсін Орынбасарұлының жаңа бастамасы дәлел.
Бала күннен ҰҚК қызметкері болуды армандаған Ерсін Орынбасарұлының негізгі мамандығы ‒ инженер-механик. Алматы аграрлық коледжін тәмамдаған ол кәсіп ашуға әскери борышын өтеп келгеннен кейін тәуекел етіпті.
‒ Әкем әрдайым бастамама қолдау білдіріп, жігерлі сөзімен демеп отырады. Сондықтан болар, бизнес бастауда ешқандай қорқыныш болған емес. Аймақта жылдан-жылға құрылыс жұмыстары қарқынды дамып келеді, сол үшін осы салаға қажетті материалдарды шығаруды қолға алдым. Қай бастаманы қолға алсақ та, бәрі бірден жақсы болып кетпейтіні рас. Қазіргі таңда жұмысымыз жаймендеп ілгеріліп келеді, ‒ дейді Е.Өтепов.
Жас кәсіпкер “Бастау бизнес” кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту курсын тәмамдаған. Осыдан соң нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы арқылы мемлекет тарапынан 5 миллион теңге несие алыпты.
‒ Әр саланың өз қиындығы болады. Бастапқыда шикізатты табу, әкелу жолдарын ұзақ іздестірдік. Қазір құрылысқа қажетті шеге, тор сым, тікен сым сынды өнімдерді өзіміз шығарып жатырмыз. Ал шикізатты Шымкент қаласында орналасқан кәсіпорынмен келісімшарт жасап алдыртамын. Барлық өнімнің бағасы тұрғындар үшін қолжетімді. Себебі осыған дейін өңірге құрылыс заттары сырттан тасымалданған соң қымбатқа түсетін. Осы жағдайды ескеріп, өнім бағасы халықтың қалтасына қонымды болғаны дұрыс деп шештім, ‒ дейді жас кәсіпкер.
Еті тірі, жаңа іске ебі мол Ерсін ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік желілердің қолжетімді екенін және сол арқылы кәсібіне жарнама жүргізетінін жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта аймақ жастарын жұмыспен қамтып, құрылыс заттарын өзге де облыстарға жеткізуді көздеп отыр.

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!