Қолөнер – халықтың жан дүниесін, талғамы мен тарихын айшықтайтын асыл мұра. Ал сол мұраны заманауи үлгіде жаңғыртып, жаңа тыныс беріп жүрген жандардың еңбегі ерекше құрметке лайық. Бүгінде моншақпен бұйым тоқу тек хобби емес, табыс көзіне айналып, сән индустриясынан өз орнын тауып келеді. Осындай нәзік өнерді жанына серік еткен жандардың бірі – №296 орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі, педагог-сарапшы Абдраманова Жанар Сағатбекқызы. Он бір жылдық тәжірибесі бар ұстазбен моншақ өнерінің қыр-сыры, қазіргі сұраныс пен болашақ жоспарлары туралы әңгімелескен едік.
– Моншақпен бұйым жасау өнеріне қалай келдіңіз, бұл іске не себеп болды?
– Мен бұл өнерге ең алдымен қызығушылық арқылы келдім. Бала кезден қолөнерге жақын болдым. Алайда нақты бұйымдар жасауды мамандығымды тәмамдағаннан кейін бастадым. Қолөнер арқылы ішкі шабытым оянып, қиялымды іске асыруға мүмкіндік туды. Бір оқушым ғылыми жобада моншақтан тоқылған сөмкені қорғап, жүлделі екінші орын алған соң, осы бағытқа тереңірек ден қоя бастадым.
– Қолөнермен айналысу үшін қандай қабілет пен қасиет қажет деп ойлайсыз?
– Ең алдымен шыдамдылық қажет. Қолөнер – сабырды, ұқыптылықты талап ететін жұмыс. Сонымен қатар қиял мен шығармашылық қабілет маңызды. Түрлі идеяларды жүзеге асыру үшін адамда табандылық болуы керек. Шыдам таныта білген жан кез келген нәтижеге қол жеткізе алады.
– Моншақтан жасалатын бұйымдардың ішінде қайсысына сұраныс жоғары?
– Қазіргі таңда заманауи үлгідегі моншақ сөмкелерге сұраныс өте жоғары. Сонымен қатар телефон қаптары да көп сұралады. Әсіресе жастар мұндай бұйымдарды сәнді образдың бір бөлігі ретінде қолдануды үрдіске айналдырып келеді.
– Бір бұйымды жасауға орта есеппен қанша уақыт кетеді?
– Бұйымның күрделілігіне қарай шамамен төрт-бес күн уақыт кетеді. Әсіресе сөмке тоқу үшін алдымен оның сызбасын жасап, көлемін есептеп, содан кейін ғана тоқу жұмысына кірісемін.
– Жұмысыңызда қандай материалдар мен құралдарды қолданасыз?
– Негізінен түрлі түсті моншақтар мен жилка қолданамын. Моншақтардың өлшемі әртүрлі болады, мысалы 6, 8, 10, 12 нөмірлі түрлері бар. Үлкен бұйымдарды тоқу үшін ірілеу моншақтар қолайлы.
– Қазақы ою-өрнектерді бұйымдарыңызға енгізесіз бе?
– Иә, ұлттық нақышты жиі қолданамын. Бұл бұйымға ерекше көрік береді. Оқушыларыммен бірге оюлы заманауи сөмкелер жасап, ғылыми жобаларда жүлделі орындар алдық. Әсіресе ою элементтерін шығару барысында біраз қиындықтар болады, бірақ нәтижесі соған тұрарлық.
– Жастардың бұл өнерге қызығушылығы қандай деңгейде?
– Қызығушылық артып келеді. Әсіресе 5–7 сынып оқушылары белсенді. Олар өздеріне ғана емес, достарына сыйлық ретінде де бұйым тоқып жүр.
– Еңбегіңізді бағалап, арнайы тапсырыс беретіндер бар ма?
– Иә, әлеуметтік желі арқылы тұрақты тапсырыс беретін тұтынушылар бар. Өз бұйымдарымды Instagram парақшама жүктеп, сатылымға шығарып отырамын. Бұл мен үшін қосымша табыс көзіне айналды.
– Қолөнер саласында қандай қиындықтар кездеседі?
– Ең бастысы – уақыт пен көздің шаршауы. Кейде жұмысқа беріліп кетіп, уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын. Дегенмен әр тапсырысты уақытында аяқтауға тырысамын. Қызығы сол, тоқу барысында ойым тынығып, ерекше бір демалыс аламын.
– Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
– Алдағы уақытта шеберлік сабақтарын көбейтіп, жастарды көбірек тартқым келеді. Арнайы курстар дайындап, оларды онлайн форматта таратуды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы жаңа идеяларды енгізіп, қолөнерді әрі қарай дамытуды көздеймін.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Аружан СЕРІКБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!