Қолөнер – жүректің жылуын, шебердің шынайы сезімін жеткізетін ерекше әлем. Соның ішінде қолдан тоқылған қуыршақтар – балалықтың нәзік символы ғана емес, автордың ішкі дүниесін айшықтайтын өнер туындысы. Бүгінде мұндай бұйымдарға деген сұраныс қашан да биік. Қазір, тіпті, олардың құндылығы да жаңа қырынан бағалануда. Осы бағытта табанды еңбек етіп жүрген ұстаздардың бірі – №233 мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Тұрмағамбетова Гүлжамал Сиезбекқызы. Алтын қол кейіпкерімізді әңгімеге тарттық.
– Қуыршақ тоқу өнеріне қалай келдіңіз, бұл іске не себеп болды?
– Бұл өнерге өз қызығушылығым арқылы келдім. Алғашында жай ғана хобби ретінде бастаған ісім уақыт өте келе сүйікті кәсібіме айналды. Балалық шақтағы ойыншықтарға деген сүйіспеншілік пен қолөнерге жақындығым осы жолды таңдауыма себеп болды.
– Қолдан жасалған қуыршақтардың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
– Ең басты ерекшелігі – бірегейлігі мен жан жылуы. Әр қуыршақ қайталанбайды, оның бойында шебердің еңбегі мен көңілі бар. Сонымен қатар қолдан жасалған ойыншықтар қауіпсіз, зиянды бояулар қолданылмайды.
– Бір қуыршақты тоқып шығуға қанша уақыт кетеді?
– Қуыршақтың көлемі мен күрделілігіне байланысты бір-үш күн, кейде бір аптаға дейін уақыт кетеді.
– Жұмысыңызда қандай материалдарды жиі қолданасыз?
– Көбінесе акрил және мақта жіптерін пайдаланамын. Ішін толтыру үшін синтепон қолданамын, ал безендіру үшін түрлі аксессуарлар қосамын.
– Қуыршақ бейнесін ойлап табуда шабытты қайдан аласыз?
– Шабытты балалардың қиялынан, мультфильм кейіпкерлерінен және әлеуметтік желілердегі шығармашылық жұмыстардан аламын.
– Қазір қолдан жасалған бұйымдарға сұраныс қандай?
– Қазір сұраныс өте жоғары. Адамдар ерекше, сапалы әрі эксклюзивті дүниелерді бағалай бастады. Әсіресе ұлттық нақыштағы қолдан тоқылған қуыршақтарға қызығушылық артып келеді.
– Сіздің туындыларыңызды көбіне кімдер сатып алады?
– Негізінен аналар, балаларға сыйлық іздейтін жандар және ерекше тарту жасағысы келетін тұтынушылар сатып алады.
– Қуыршақ тоқу барысында қандай қиындықтар кездеседі?
– Ұсақ бөлшектерді дәл әрі ұқыпты жасау кейде қиындық тудырады. Сонымен қатар уақытты тиімді жоспарлау да маңызды. Кейде жаңа үлгілерді ойлап табу да оңай емес.
– Жастардың қолөнерге қызығушылығын арттыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Шеберлік сабақтарын көбейту, әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау және мектеп бағдарламасында қолөнерге көбірек көңіл бөлу қажет.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Болашақта жаңа коллекциялар жасап, шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар ұлттық үлгідегі қуыршақтарды дамытып, өз брендімді қалыптастырғым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Аружан СЕРІКБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!