Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов айтты.
«Қазір елімізде эпидемиологиялық жағдай нашарлап, күн сайын вирус жұқтырғандардың қатары көбеюде. Бұл біздің облысымызға да қатысты. Қызылорда қазір «сары» аймақта. Дегенмен карантиндік шектеулер болса да кәсіпкерлердің жұмыс жасауына барынша мүмкіндік беріліп отыр. Соның бірі «Ashyq» жобасы. Біздің облысымызда 294 кәсіпкерлік нысанның жобаға қатысуға берген өтініші қанағаттандырылып, оларға арнайы QR код берілді. Кәсіпкерлер тарапынан тек қойылған талаптарды қатаң сақтаса жеткілікті. Алайда бүгінде 17 кәсіпкерлік нысанның QR коды деактивацияланды. Себебі кәсіпкерлер келушілердің мәртебесін тексермеген, яғни «чекин» аталмыш нысандарда мүлдем жүргізілмеген. Сол үшін олар әзірге 2 аптаға жобадан шеттетілді», – дейді Палата директоры.
Мұнымен қоса, Ғалымбек Жақсылықов жұмыс алгоритмін 3 рет бұзған қатысушы (мониторингтік топтың ұсынған мәліметі бойынша) 2 айдан ерте жобаға қайта орала алмайдындығын да жеткізді.
Палата басшысы «Ashyq»-тың аутсайдерлерімен бірге «көшбасшылары» да бар екендігін атап өтті. Бүгінде 294 нысанның ішінде 22-сі комиссияның шешімімен «көшбасшы» мәртебесін алған. Бұл мәртебе кәсіпкерлік нысанның қызметін келушілер тарапынан тұрақты чекин (жоба аясында статусын тексеру) жасалғандықтан берілген.
Қызылордалық «Ashyq» көшбасшыларының» қатарында «Арафат», «Koreana Family», «Пусан», «Асон», «Миран», «Монако», «Дойт», «Тондемун», «Djoo bar», «FLY», «Aray loung» кафе-барлары мен «Киноплекс 8», «Жібек жолы», «ЧАС» кинотеатрлары, «Sultan Plaza» қонақ үйі мен «Классик» бильярд клубы, сондай-ақ «Қорқыт Ата» әуежайы бар.
«Ashyq» көшбасшысы» мәртебесінің қолданылу ұзақтығы – 2 апта және олардың тізімі әкімдіктің сайтында орналастырылған.
«Ashyq» көшбасшысы» мәртебесін алған жобаға қатысушыларға мынадай жеңілдіктер беріледі:

  • «қызыл» аймақтағы жобаға қатысушылар «сары» аймақтың талаптары бойынша жұмыс істейді;
  • «сары» аймақтағы жобаға қатысушылар «жасыл» аймақтың талаптары бойынша жұмыс істейді;
  • «жасыл» аймақтағы жобаға қатысушыларға жұмыс режимі 2 сағатқа қосымша ұзартылады, сондай-ақ объектіні толтыру 10%-ға арттырылады.
    Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментінің 12 шілдеде ұсынған ақпараты бойынша «Ashyq» жобасы арқылы облыста сәуір айынан бері 104 факт тіркелген. Олардың 31-і «қызыл», 73-і «сары» статустағы азаматтар.
    «Ashyq» жобасына қатысты сауалдар туындаған жағдайда Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының мамандары кеңес беріп, сүйемелдеу жасауға әзір. Жауапты маман Палатаның сарапшысы Гүлнұр Құрмантаева. Байланыс нөмірлері: 8 /7242/ 40-09-81 (ішкі 4324), ‎+7 771 479 7582.
    Айта кету керек, «Ashyq» – қоғамдық орындарда келушілерді тіркеу қосымшасы. Қоғамдық орынға кіреберісте пайдаланушы арнайы qr-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Келушілерге статус ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы covid-19-ті бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады.
    «Қызыл» түс егер адам ПТР-тестін тапсырып, оң нәтиже шықса беріледі. Осы статустың иесіне үйде оқшаулану режимін қатаң ұстану керек.
    «Сары» түс науқас адаммен байланыста болған адамдарға беріледі. Оларға азық-түлік немесе үй жанындағы дәріханаға баруға рұқсат етіледі, бірақ басқа нысандарға баруға тыйым салынады.
    «Көк» түс ПТР-тестілеу тапсыру міндетті орындардан (мысалы, әуежай) басқа барлық жерге бару рұқсат.
    «Жасыл» түс – жүріп-тұруға толығымен рұқсат беріледі.