Қазақстанның репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, профессор Вячеслав Локшин болашақ аналарға COVID-19-ға қарсы екпені қай кезде алу қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен бір жарым жыл ішінде біз COVID-19 науқастарының арасында жүкті әйелдер көп екенін көрдік. Вирустың «Ухань», «Британдық» сияқты алғашқы штамдарында жүкті әйелдер қатты ауырмаған еді. Дегенмен олардың арасында өлім, баланың шетінеуі және мерзімінен бұрын босану көп болған. Барған сайын вирус бейімделіп, жүкті әйелдерге қаттырақ әсер ете бастады. Әлемдегі акушер-гинекологтардың бәрі осылай деп дабыл қағуда. Вирустың кесірінен болашақ аналар пневмонияны да ауыр өткеретін болды. Бұл жүкті әйелдер арасындағы өлімнің өсуіне, жүктілік кезінде ауыр асқынуларға әкеліп отыр», – деген профессор жүктілік кезінде қан ұюының жоғарылауы, иммундық қорғаныстың төмендеуі, өкпе қозғалысының қиындауы сияқты өзгерістер жиі кездесіп жатқанын атады.

«Аурудың алдын алудың бір жолы бар – жүктілікке дейін вакцина қабылдау керек. Яғни жүктіліктің басталуына үш-төрт апта қалғанда вакцианцияң толық крусын аяқтаған жөн. Бірақ бұл жасалмаса, жүктілік кезінде вакцина алу ұсынылады. Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдері органогенез аяқталған кезде 12-16 аптадан кейін жүкті әйелдерді вакцинациялап жатыр» – деді дәрігер.

Оның мәліметі бойынша, әлемнің көптеген елдеріндегі жүкті еріктілерге жүргізілген зерттеулер вакцинаның ұрыққа және жүктілік ағымына теріс әсер етпейтінін көрсеткен.

«Өйткені, өлтірілген вирус немесе оның ағзада көбеймейтін бөлшектері бар. Бірақ антиденелер шығарылады, олар кейіннен баланы қорғайды. Сондықтан, жүкті әйелдерді вакцинациялау-ауыр вирустық инфекциядан қорғау үшін өте маңызды кезең», – деді Вячеслав Локшин.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!