Олар қытайлық әріптестерінің есептерін зерделеп шықты. Сол кезде ешқандай техникалық ақаулықтар болған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының арнайы комиссиясы Ухань қаласына жасаған сапардың есебін жариялады. Ғалымдар SARS-CoV-2 коронавирусының қай жерден шыққанын зерттеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ұйымның ресми сайтына сілтеме жасап.

ДДСҰ-ның өкілдері коронавирус жұқтырған алғашқы пациенттерді Ухань базарынан, тіпті Қытайдан тыс жерде іздеуді ұсынып отыр. Себебі жаңа коронавирустың Қытай Халық Республикасынан шыққанына нақты дәлел жоқ.

Ғалымдар алдымен медициналық құжаттарды зерделеп, алғашқы пациенттің 2019 жылы 8 желтоқсан күні тіркелгеніне көз жеткізді. Респираторлық аурулар туралы мәліметтерге сәйкес, желтоқсанға дейін қандай да бір аурудың өршуі болған жоқ.

Ал ауруханаға коронавируспен түскен ең бірінші науқастардың теңіз өнімдері базарына еш қатысы жоқ. Оған қоса, SARS-CoV-2 геномдарын талдау кезінде алғашқы пациенттің сынамасы базардағы коронавирустан өзгеше болып шықты.

«Осының негізінде комиссия мүшелері Уханьда ресми түрде алғашқы науқас тіркелгенде қаланың өзінде вирустың бірнеше түрі болғанына болжам жасап отыр. Ал теңіз өнімдері базарына түскеннен кейін инфекция жылдам тарап кеткен», – делінген ұйым есебінде.

Алайда, нақты қай түрі екенін айта алмай отыр. Олардың пайымдауынша, адамдарға жақын коронавирустар жарқанаттар мен панголиндерде кездеседі. Дегенмен, дәл SARS-CoV-2 вирусымен жүрген бірде-бірде жануар табылмады. Жабайы табиғатта, фермада, тіпті базарда ондай аңдар анықталған жоқ.

Коронавирустың жабайы жануарлардан жұққанына бір ғана дәлел бар. Бұған дейінгі эпидемиялар кезінде инфекция жабайы табиғаттан келген. Алайда, 2019 жылы анықталған COVID-19-ға қатысты нақты дәлел жоқ.
Ұйым өкілдері вирустың Ухань қаласындағы зертханадан шығып кеткенін де растамады. Олар қытайлық әріптестерінің есептерін зерделеп шықты. Сол кезде ешқандай техникалық ақаулықтар болған жоқ. 2019 жылы қараша-желтоқсан айында хаттаманы бұзу фактілері де тіркелмеді.

Соған қарамастан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымның сарапшылары іздеу шараларын жалғастырады. Себебі бүгінде олар SARS-CoV-2 шығуына қатысты бірде-бір болжамды қабылдай алмай отыр, жоққа шығаруға да негіз жоқ.

Айта кетейік, ДДСҰ-ның халықаралық комиссиясы Ухань қаласына 2021 жылы қаңтар айында, яғни бір жылдан кейін ғана барды. SARS-CoV-2 Қытайдан шықты деген болжамдар болған.