Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында денсаулық сақтау саласына 11 нақты міндет жүктеді. Оның ішінде отандық фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажетіттігін баса айтты. Бүгінде еліміздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім екендігін айтып, 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет деген тапсырма берді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің бөлім басшысы Нұрбек Әділханов Жолдаудан туындайтын міндеттер мен тапсырмалардың облыстық деңгейде орындалу барысын айтып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Елімізде жұмыс істеп тұрған және жаңадан ашылған өндірістік алаңдар тиісті фармацевтикалық практика стандарттарына сәйкестікке белсенді өтуде. Оның ішінде Қызылорда облысы бойынша 5 дәріхана қоймасының GDP сертификаты бар деген Нұрбек Әділханов отандық фармацевтикалық индустрияға кеңінен тоқталды.

Айтуынша қазіргі таңда отандық фармацевтикалық индустрияда 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 33-і дәрілік заттарды, 41-і медициналық бұйымдарды және 22-сі медициналық техниканы өндіреді. Коронавирустық пандемияға байланысты дәрілік заттарға сұраныстың күрт артуы себепті өткен жылы отандық кәсіпорындар өндірісті 34,1%-ға ұлғайтқан.

Осы жылы сатып алудың жалпы көлемдегі үлес мөлшері бойынша бірінші орын отандық өнімге, екінші орын неміс өніміне тиесілі. 2020 жылғы барлық сатып алынған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардан отандық өнімнің үлесі 37%-ды құрады. 2024 жылға қарай 80%-ға дейін арттыру жоспарлануда.

Жалпы, пандемия кезеңінде отандық Химфарм, Нобел өндірушілері, медициналық бұйымдар өндірушілері және т.б. өндірістік қуаттылықты едәуір арттырды. Азитромицин мен Левофлоксацин секілді коронавирусты емдеуде сұранысқа ие препараттар өндірісі артты. Медициналық маскалар мен қорғаныш костюмдерін өндірушілердің саны 6-дан 15-ке дейін артты, сондай-ақ дәрілік заттардың қосымша 50-ден астам түрін шығару жоспарлануда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!