Қазақстанда тісті кімдердің тегін емдете алатыны белгілі болды. Бұл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жүзеге асады деп хабарлайды Хабар 24 арнасы.

Стоматологиялық қызметке жүгіну үшін алдымен қайда бару керек? Тіс ауырса, алып ұшып ақылы емханаларға жүгіретіндер бар. Оны емдетудің қай түрі болмасын қалтаңа салмақ салады. Алайда қазір белгілі бір санаттағы адамдарға стоматологиялық қызметтер тегін. Тек ақпаратқа қанық болған абзал. Мемлекет есебінен жеңілдік алған адам болсаңыз, бұл ем-шараның барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ақысыз жасалады. Жарымжан бала өсіріп отырған жұмыссыз жандар да осы көмекті тегін ала алады. «Бізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қалалық филиалы елордада 36 емдеу мекемесі болатын болса, солардың барлығымен келісімшарт жасап, қадағалап отырамыз. Осы бір жылдан аса осы стоматологиялық көмектің бәрі медициналық алғашқы медкөмек жасайтын емханалар қосалқы келісімшарт арқылы көмек жасайды. Емдеу емханалары сол стоматологиямен жұмыс істейді», – деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Елімізде ересектермен қатар балалар арасында да тіс жегісі мен оның асқынған түрі өте көп кездеседі дейді мамандар. Бұл ең әуелі ауыз қуысын дұрыс күтпегеннен болады. Жұмсақ тағамның да әсері бар. Тіс құртының алдын алмаса, буыны бекімеген баланың жақ сүйегіне дейін қисайып, тісі өспей қалуы мүмкін көрінеді. Сондықтан тіс ауырған бойда жергілікті тіркелген емханаға барып, дәрігерден стоматологияға жолдама алу қажет. Жүкті әйелдер мен 18 жасқа толмаған балаларға бұл қызметтің барлық түрі ақысыз. Осы орайда мамандар медициналық сақтандыруда арнайы үш пакет қарастырылғанын жеткізді. «Өзінің тіркелген емханасы бойынша барып дәрігерінен жолдама алады. Қазір карантинге байланысты сол стоматологияға жазылады. Профилактикалық жұмыс өте маңызды. Сондықтан жарты жылда бір рет тіс дәрігерге көріну керек», – деді қалалық штаттан тыс бас тіс дәрігері Жанар Қазыбекқызы.