Қызылорда облысында 94 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде ревакцинация жасау үшін екпе қоры жеткілікті. Атап айтқанда, «QazVac», «SinoVac», «Pfizer», «Спутник Лайт» препараттары қолданылуда. 2021 жылдың қарашасынан басталған ревакцинациядан барлығы 94495 адам өтті. Өткен тәулікте 3497 адам бустерлік дозаны қабылдады. Басым көпшілігі – облыс орталығының үлесінде. Ал аудандар бойынша жоғары көрсеткіштер Арал, Қазалы, Жаңақорғанға тиесілі.

«Ревакциналау бойынша медицина қызметкерлері, мұғалімдер мен күштік құрылымдар қызметкерлері көш бастап тұр. Сондай-ақ, 60 жастан асқан азаматтардың үлесі жоғары. Студенттер мен созылмалы аурулары бар адамдар арасында да ревакциналау көрсеткіші арта түсті. Облыс көлемінде иммундаудан кейін асқыну жағдайы тіркелген жоқ», – деп мәлім етті облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Еске салсақ, Қызылорда облысында жыл басынан бері 4531 адам коронавирус жұқтырды.