Алғашқы жартыжылдықта өңірімізге 42 236 адам турист ретінде келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға ұлғайғанын білдіреді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұрат Тасқараев туризм саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Жергілікті туризмді дамыту және Сыр өлкесінің тарихы мен мәдениетін насихаттау мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы ұйымдастырылып келеді. Бұл жобаның аясында 31 тарихи-танымдық экскурсия мен 3 тарихи экспедиция өткізілген. Жалпы облыста 4 жағажай, 12 демалыс орны және 13 туристік фирма жұмыс істейді.

«Бүгінгі күні 6 нысанды іске қосып, 120 жаңа жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылы өңіріміздің туристік әлеуетін дамыту мақсатында облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, «Қолөнер-асыл қазына» жобасын ұйымдастыру қолға алынды. Көрме 30 қыркүйек күні облыс әкімінің қатысуымен өтеді деп жоспарлануда. Шараның басты мақсаты − халқымыз қастерлеген ұлттық өнеріміздің жас ұрпақтарға үлгі боларлық тәрбиелік маңызын айқындау», – деді Мұрат Тасқараев.

Ежелгі қалалар мен тарихи ескерткіштердің дені Сыр өлкесінде шоғырланған. Тарихы терең өлкеде 545 тарихи-мәдени ескерткіштер мемлекет қорғауына алынған. Тағы бір айта кетерлігі Сыр бойында экстремалды туризмді дамыту үшін Қарақұм және Қызылқұм сияқты шөлді аймақтар шет елдік туристердің қызығушылығын арттырып келеді. Бүгінгі болған баспасөз конференциясында облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі КММ басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Садықов тарихи нысандардың қазіргі әл ауқатын саралады.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясында Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасы қарқынды жүзеге асырылды. Сол арқылы «Қасиетті Қазақстан энциклопедиясының» 3-ші томына облыс бойынша 12 ескерткіш енгізілді. Сондай-ақ «Өңірлік қасиетті нысандар» жобасында 60 нысан бар. Облыс бойынша арнайы жобалар бекітіліп, онда 41 тарихи-мәдени мұра нысандары қамтылған. Олар Арал ауданынан басталып Жаңақорған ауданына дейінгі аумақты қамтып өтеді. Онда Аралдың кепкен табанындағы Араласар қалашығы, Кердері кесенесі, Жент, Жаркент, Сығанақ қалашықтары және басқа да ерекше кесенелер мен мұнаралар бар.

Ескерткіштердің инфрақұрылымын жетілдіруге де үлкен мән беріліп жатыр. Атап айтсақ, Сығанақ, Жанкент қалашықтары қорғау аймақтары бойынша қоршалып, стелалар бой көтерді. Облыс көлемінде тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау мен насихаттау және сақтау мақсатындағы жұмыстар жүйелі жалғасын табуда», – деді Ғалымжан Жақсылықұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!