Фото: Арман Мухатов – архив
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров еліміздің спорт саласындағы жемқорлық туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Антикор 2023 жылы спорттың жоғары жетістіктерін қаржыландыру бұқаралық спортқа қарағанда 9 есе көп болғанын айтады.
Соңғы 6 жылда тек 18 футбол клубын қаржыландыруға 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Мұндай шығындармен Қазақстан FIFA әлемдік рейтингінде төмен позицияға орналасқан. Ең қымбат клуб «Самұрық-Қазына» АҚ – дан демеушілік көмек алған – «Астана» ФК. – 50,1 млрд теңге, одан кейін «Барыс» хоккей клубы – 48,9 млрд теңге, – деді Антикордың ресми өкілі.
Биғайдаровтың сөзінше, ақшаның көп бөлігі еңбекақы төлеу қорына, біржолғы төлемдерге, трансферге, агенттік келісімдеріне жұмсалған.
Бұл қаражатты игеру жоғары жемқорлық тәуекелдерін тудырады. Өз инфрақұрылымының болмауына байланысты клубтар жыл сайын алаңдар мен мұз айдындарын жалға алуға миллиондаған қаражат жұмсайды. Аталған тәуекелдер бойынша Агенттік ұсыныстар әзірледі. Олардың негізгілері: балалар мен бұқаралық спортқа бейімділікпен қаржыландырудың басымдықтарын қайта қарау, спорттық инфрақұрылымды дамыту, қаржыландыруды орталықтандыру, цифрландыруды енгізу (қазір барлығы қағаз жүзінде), сондай-ақ бір көзден сатып алуды алып тастау, – дейді Данияр Биғайдаров.
Ол талдау қорытындысы бойынша қандай шешім шыққанын айтты.
Агенттік Туризм және спорт министрлігіне спортты қаржыландыру саласын жетілдіру бойынша құқықтық және ұйымдастырушылық шаралар кешенін ұсынды, оларды іске асыру уәкілетті мемлекеттік органдардың шоғырлануын талап етеді, сондай-ақ заңнамаға тиісті түзетулер енгізуді көздейді. Ұсынымдардың орындалуы бақылауда, – деді Биғайдаров.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!