SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында аң аулау кезінде серігін абайсызда атып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты. Қайғылы оқиға қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуынан болған. Бұл туралы «Мой город» басылымы жазды.

Оқиға өткен қыста далада болған. Екі таныс аң аулауға шығып, бірнеше қоян атқаннан кейін тынығып, темекі шегу үшін аялдаған.

Сол сәтте ер адамдардың бірі мылтығына қар жабысып қалғанын байқап, оны тазаламақ болған. Алайда абайсызда шүріппені басып кетіп, оқ атылып кеткен. Сол мезетте оқтың бағытында тұрған серігі іш тұсынан ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.

Тергеу бұл оқиғаны қарумен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған қылмыс ретінде саралады.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Сонымен қатар оның кәмелетке толмаған балалары бар екені және жәбірленуші тараптың ұстанымы да ескерілді.

Сот нәтижесінде ер адам 1,5 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Жаза мерзімі бойы оған пробациялық бақылау белгіленді.

Айта кетейік, бұған дейін Атырау облысында аңшының қаза болуына қатысты қозғалған қылмыстық істің тергеуі тоқтатылғаны хабарланған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!