KAZINFORM — Кейінгі күндері әлеуметтік желілерде жүргізушілер автожол бойларында пайда болған белгісіз құрылғылардың суреттерін жариялап, олардың мақсатына қатысты сұрақтар қойған еді. ҚазАвтоЖол ұлттық компаниясы бұл құрылғылардың жасанды интеллект элементтері бар жаңа бейнеаналитика жүйесі екенін түсіндірді.

Компанияның мәліметінше, жаңа жүйе республикалық автожолдардағы жағдайды тәулік бойы бақылап, жолдағы қауіпті жағдайларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

— Құрылғылардың басты ерекшелігі — автономды жұмыс істеу мүмкіндігі. Олар шалғай жол учаскелерінде де қызмет атқара алады. Ол үшін камералар күн панельдерімен және жел генераторларымен жабдықталған. Құрылғылар алынған деректерді нақты уақыт режимінде тиісті қызметтерге жібереді, — деп хабарлады компания.

Жасанды интеллект жүйесі жолдағы бірқатар қауіптерді анықтай алады. Атап айтқанда, жол бөлігіне жаяу жүргіншінің немесе жануардың шығуын, қарсы бағытқа өту, кері жүру, тұрақ ережесін бұзу сияқты жағдайларды тіркейді. Сондай-ақ көліктің мемлекеттік нөмірін, маркасын және түсін тану мүмкіндігі бар.

ҚазАвтоЖол бұл жобаның негізгі мақсаты — жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру екенін атап өтті. Қауіпті жағдайлар ерте анықталған жағдайда, жол қызметтері оған жедел әрекет ете алады.

— Қазіргі уақытта пилоттық жоба «Алматы — Қонаев» ақылы автожол учаскесінде сынақтан өтіп жатыр. Сонымен қатар ұзындығы 134 шақырым болатын «Астана — Теміртау» бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Бұл учаскеде камералар, күн панельдері, жел генераторлары және деректерді беру жабдықтарын орнатуға дайындық жасалып жатыр, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, «Астана — Щучинск» автожолында да қажетті инфрақұрылымды дайындау жұмыстары басталған.

Алдағы уақытта мұндай құрылғылар республикалық маңызы бар автожолдарды бақылаудың бірыңғай интеллектуалды жүйесінің бір бөлігіне айналады. Ол жолдағы қауіптерді автоматты түрде анықтап, жол қызметтерінің әрекет ету жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!