Елімізде келесі жылы аяқкиімнің көп түрін сатуға тыйым салынуы мүмкін. Себебі, аяқ киім саудасы көлеңкелі бизнестің біріне жатады. Мемлекет жыл сайын бұл өнімнің нақты қанша данасы сатылатынын шамалап болса да білмейді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, саладағы заңсыз айналым 3 бағытта дамыған. Біріншіден, Қытайдан, Қырғызстаннан, Ресейден және өзге елдерден бұл бұйым заңсыз тасылуда. Екіншіден, шетелдік, мысалы, италиялық брендтер еліміздегі жасырын цехтарда қолдан жасалады. Үшіншіден, дүкендер мен сауда орталықтарында бұл өнім кассада ресми тіркеусіз, салығын төлеусіз сатылады.

– Елде аяқкиімнің көлеңкелі нарығының көлеміне қатысты нақты сандар жоқ. Оны бағалау үшін әртүрлі тәсіл қолданылды. Мысалы, бизнес өкілдері мен кедендік брокерлердің бағалауынша, салада сұр импорт ішкі нарықтың 48,5 пайызын құрайды. «Айналы статистикаға» жүгінсек, Қазақстан өзара сауда-саттық жасайтын елдердің кеден органдарының мәліметтерімен салыстырғанда бұл саладағы біздің статистика 140%-ға өзгешеленеді. Статистикадағы айырмашылықты негізге алсақ, ішкі нарығымыздағы көлеңкелі айналым үлесі 69,3 пайыз. Себебі, кеден арасындағы деректердің алшақтығына ықпал ететін өзге де себептер бар. Мәселен, тауар экспорттаушы елді 2019 жылы тастап шығуы, ал Қазақстанға 2020 жылы ғана келуі мүмкін, – деді ИИДМ.

Бұл бастама бізге Ресейден келген. 2019 жылғы 8 тамызда алпауыт көрші Еуразиялық одаққа мүше елдерді аяқкиімді цифрлық таңбалауға көшуге қол қойылды. Егер Қазақстан бұл бастаманы ары қарай кешіктіре берсе, онда өнімдерін экспорттай алмайды. Қалай болғанда, бастама биыл жазда қарқынмен ілгерілесе, ел тұрғындарының бір жылда қанша аяқкиім сатып алатыны анықталады. Осы мақсатта Индустрия министрлігі бірнеше кезеңді қамтитын жоспар құрып қойды. Мәселен, І кезеңде – биыл 1 шілдеден бастап, елде өндірілетін және шетелден тасылатын әрбір аяқкиім бірлігіне таңба коды қойылады. Әрбір маркаланған өнім бақылау-кассалық аппарат арқылы тіркеледі. Егер таңбаланған аяқкиім кассадан тыс сатылып кетсе, оның өндіруші не импорттаушыдан бері келе жатқан цифрлық ізі сауда орнында шорт кесіледі. ІІ кезең – 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап, әрбір аяқкиім жұбының өндірістен бастап бөлшек саудада клиентке сатылғанға дейінгі қозғалысы жаппай тіркеледі. ІІІ кезеңде – 2022 жылдың 1 наурызынан бастап, ішкі нарықта қалған, тиісті белгісі соғылмаған аяқкиімге таңба басуға тыйым салынады. IV кезеңде – алдағы жылдың 1 сәуірінен бастап, таңбаланбаған өнімді көтерме және бөлшек саудада сатуға тыйым енгізіледі.

Үкімет бұл жобаның нәтижесінде көлеңкелі кәсіпті жойып, нәтижесінде қазақстандық аяқкиім нарығының ауқымы қазіргі 149,5 миллиард теңгеден 2025 жылға қарай 439,1 миллиард теңгеге дейін арттырмақшы. Сондай-ақ бұл көрсеткіш отандық тауар өндірушілердің санының артуына ықпал ететінін алға тартады. Ал салықтық және кедендік төлемдер 24,5 миллиардтан 2025 жылға қарай 72 миллиард теңгеге дейін өсетіні болжанған. Бірақ бұл жүйенің ең тиімсіз тұсы – елдегі аяқ киім бағасының шарықтауына әкеледі. Болжам бойынша заңды аяқкиім бағасы халықтың барлығына бірдей қолжетімді болмауы мүмкін. Көлеңкелі экономикамен күресеміз деп халық аяқкиімсіз қалуы мүмкін.