Өнер айдынында өз жолын тауып, қалың көпшіліктің ықыласына бөлену – кез келген шығармашылық иесінің аңсаған арманы. Алайда сахнаның киесін түсініп, оның жауапкершілігін сезіну тек нағыз таланттардың еншісіне бұйырған.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз жас та болса, үлкен белестерді бағындырып, еліміздің мәртебелі жиындарының бірі – Ұлттық Құрылтайда өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ілтипатына бөленген дарын иесі. Сыр өңірінің киелі топырағында түлеп шығып, өнерді ту еткен ол, аудандық мәдениет үйінде «Құрақтың Досжаны» ұлт аспаптық оркестрінің концертмистері – Абылайхан Бәйділдаев.
– Әнші болу – көптің арманы, бірақ сол арманның биігіне шығып, сахнада халық алдында ән шырқау – екінің біріне бұйырмайтын үлкен мәртебе. Сіз жақында ғана еліміздің маңызды жиындарының бірі – Ұлттық Құрылтайда өнер көрсеттіңіз. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз? Қобалжуды қалай жеңдіңіз?
– Сахна – киелі мекен. Оның өзіне тән тылсым күші, адамды баурап алатын энергиясы болады. Қобалжу деп айтуға келмес. Бірақ бойыңды билеп алатын, ішкі дүниеңді алай-дүлей ететін ерекше бір толқыныс болары сөзсіз. Десе де нағыз өнер адамы бар уайымды, оны сахнаның арғы жағында, шымылдық сыртында қалдыра білуі тиіс. Сахнаға алғаш қадам басқанда, халықтың ықыласын сезінген сәтте-ақ әлгі үрей ғайып болады.
– «Арман – адамға қанат» дейді дана халқымыз. Әнші болу сіздің бала күнгі арманыңыз ба, әлде өмір ұсынған мүмкіндік пе? Бұл қиын да қызықты жолды таңдауыңызға кім себепкер болды?
– Бала кезден бастап құлағыма анамның әлдиі мен радиодан естілетін әдемі әуендерді сіңіріп өстім. Қателеспесем, бұл қызығушылық бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ оянды. Талай облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауға қатысып, бағымды сынадым. Бас қаламыз Астанадан қоржынды майлап, бас жүлдемен оралған кездерім әлі күнге дейін есімде. Ал кәсіби тұрғыда өнерді өмірімнің мәніне айналдырғаныма, міне, 7 жылдан асып барады. Бұл жол 2015 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары музыкалық колледжіне оқуға түскен сәттен басталды. 2019 жылы оқуды тәмамдап, үлкен өмірге қадам бастым. Менің өнердегі бағытымды айқындап, музыканың қыр-сырын үйреткен аяулы ұстазым – Ғалым Сүлейменов. Шығармашылық жолымның алғашқы баспалдағы өзімнің туған жерім – Асқар Тоқмағанбетов ауылынан басталды. Кейін тәжірибе жинақтап, 2025 жылдың қыркүйегінде Сырдария аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа ауыстым.

– Әр мамандықтың шыңы, әр саланың майталманы болады. Көптеген өнерпаз кумиріне қарап бой түзейді, идеал тұтады. Сіз үшін кәсіби тұрғыда үлгі болатын тұлға кім? Кімнің орындаушылық шеберлігіне тәнті боласыз?
– Менің өнердегі идеал тұтар тұлғам – Дмитрий Хворостовский. Ол – нағыз опера майталманы, дауысымен әлемді бағындырған әнші. Мен ол кісінің тек дауысына ғана емес, сахнадағы болмысына, мәнеріне, әрбір сөзді жүрекке жеткізіп айту шеберлігіне тәнтімін. «Сахнада қалай тұру керек? Көрерменмен қалай байланыс орнату қажет?» деген сұрақтарға жауапты Хворостовскийдің таспаларынан іздеймін. Мен одан өзіме қажетті техникалық әдістерді ғана емес, өнерге деген шексіз махаббатты үйреніп келемін.
– Әншінің стилі мен репертуары – оның жеке қолтаңбасы. Бүгінде эстрадада түрлі бағыт бар. Сіздің шығармашылығыңызда қай жанр басым?
– Менің жаныма ең жақыны – лирика. Мүмкін бұл менің ішкі болмысыммен, мінезіммен байланысты шығар. Ойнақы, тез ырғақты әндерді айту лирикадай жылу сыйламайды. Менің қалауым әрдайым лирикалық шығармалар болып қалмақ.
– «Ән – жүректің шынайы үні» дейміз. Әнші шығарманы орындаған кезде оны өзбасынан кешкендей сезінуі керек. Сіз сахнада ән шырқағанда есіңізге не түседі? Мүмкін, тіпті, музаңыз бар шығар…
– Әрбір әннің тағдыры мен тарихы болады. Репертуарыма жаңа ән алмас бұрын, оның жазылу тарихын, сөзінің мәнін мұқият зерттеймін. Әнді нотамен айтып шығу – бұл жай техника. Ал оны «тірілту» үшін оқиғаны жүректен өткізу керек. Өмір мен өлең арасына көпір құрамын. Адам ғұмыры тек қуаныштан тұрмайды, онда мұң да, сағыныш та, өкініш те болады. Ән айтқанда менің де көз алдыма өмірімдегі белгілі бір сәттер келеді. Оқиғаны кино таспасындай көз алдыма әкеліп, сол сәттің ішіне еніп кеткенде ғана ән шынайы шығады. Мен ойды жүрекке салып, содан кейін ғана сыртқа шығарамын. Менің басты музам – өмірдің өзі.

– Кейде тілмен айтып жеткізе алмайтын сезімдер болады. Оны тек музыка арқылы жеткізу мүмкін сияқты. Сіздің репертуарыңызда сөзден құдіретті туындылар бар ма?
– Әрине, біз өмірде көп дүниені сөзбен айтуға жасқанамыз, лайықты сөз таппай жатамыз. Іштегі сезімдер кейде түйін болып қалып қояды. Әсіресе, ең жақын жандарымыз – ата-анамызға деген махаббатымызды білдіруде тұйықпыз. Қарапайым үйдегі ата-анамызға еркелей де алмаймыз. Екі көзі түгел болып, қарашаңыраққа кіріп барғанда оларды жақсы көретініңді білдіру де қиын. Осыны мен ән әрқылы жеткізгім келеді. Сөздері жүрегіңе батып, музыкасы жүректің қағысымен біттей бір мелодия ойнаса ата-анаға деген махаббат шынымен жаннан жанға жетеді.
– Сахна сыртындағы өмір әрдайым жарқырап тұрмайды. Кәсіби мамандардың өзінде күтпеген жағдайлар болады. Сіздің басыңыздан өткен қызық немесе қиын оқиғалар болды ма?
– Иә, сахнада сәтсіздік көп болады. Ол алдыңғы қатардан көріне бермейді. Ал шымылдықтың артында жүрген маман оның бәріне куә бола алады. Оның арғы жағы арпалысқа толы. Бірде киімді таба алмай жүрсең, бірде техникадан қате кетеді. Ол әр сахнада болатын дүние. Осындай кезде, оқиғаның еске түспесі бар ма… Бірақ шынында сахнада біраз шытырман оқиғаның куәсі болғам.
– Халықтың алдында жүру – үлкен жауапкершілік ғана емес, сонымен бірге үлкен сын. Көрермен мақтайды да, сынайды да. Сахна сізді тұлға ретінде қалай өзгертті?
– Мен тек үлкен сахналарда ғана емес, ел ішіндегі той-жиындарда да өнер көрсетемін. Жақсылық жүрген жерде жамандық та жүреді. Халықтан мадақтау аламын. Бірақ арасында мазақтау да бар. Күлкі ететіндердің қатары да бәсең емес. Бірақ оған сына қоймаймын. Қалай бар солай айтып шығамын. Ондай сәттер басында көңіліңе тигенімен, уақыт өте келе бұған сабырмен қарауды үйренесің. Сахна маған, ең алдымен, батылдықты үйретті. Қорқынышты жеңуді, кез келген жағдайда өзіңді ұстай білуді меңгердім. Ең бастысы – соның арасында алтын көпір тауып, өзіңді жоғалтпау. Сахна маған еңбекті ардақтауды және халықтың шынайы махаббатына қалай жету керек екенін түсіндірді.
– Сұхбат үшін рахмет!
Сұқбаттасқан Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!