Фото: t.me/udp_dadebayev

Солтүстік Қазақстан облысының спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүр. Алайда жоғары нәтиженің артында көп жағдайда айтыла бермейтін мәселе бар. Ол – спортшыларды қалпына келтіру және оңалту жүйесінің әлсіздігі, – деп хабарлайды KAZINFORM.

СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта өңірде спортшыларға арналған мамандандырылған қалпына келтіру және оңалту орталықтары, сондай-ақ сауықтыру базалары жоқ. Бұл – жарақат алған немесе ауыр жарыстардан кейін қалыпқа келуі қажет спортшылар үшін үлкен мәселе.

Мамандардың айтуынша, спорттағы нәтиже тек жаттығумен ғана емес, дұрыс қалпына келумен де тікелей байланысты. Алайда өңірде бұл бағыт әлі толық жолға қойылмаған. Ал сапалы оңалту болмаған жағдайда жарақат саны артып, спорттық мансап қысқаруы мүмкін.

– Қазіргі уақытта облыс аумағында жарыстардан кейін спортшылардың денсаулығын қалпына келтіруге арналған арнайы бағдарламалар мен жеке жүйелер қарастырылмаған. Бүгінде облыста дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерін ашу мәселесі қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда бұл бастама спортшылардың қажеттіліктері мен өңірдің медициналық инфрақұрылымын ескере отырып пысықталу үстінде. Дегенмен бұл жобаның нақты мерзімі туралы айтуға әлі ерте, – дейді СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова.

Қазір Қазақстан құрамасына кіретін спортшылар ғана жылына бір рет тереңдетілген медициналық тексеруден өтеді. Ал жарыстан кейінгі оңалту көбіне жаттықтырушының рапорты негізінде ұйымдастырылатын қалпына келтіру оқу-жаттығу жиындарымен шектеледі.

Өткен және биылғы жылы осы мақсатқа облыстық бюджеттен шамамен 8 млн теңге бөлінген. Алайда мамандандырылған орталықтар жоқ жағдайда бұл қаржының жеткіліктілігі де күмән тудырады.

– Қазір жаттығу жүйесінде жарыстардан кейін спортшының қалпына келуіне арналған өтпелі кезең қарастырылған. Сондай-ақ, спорт ұйымдарында қалпына келтіру оқу-жаттығу жиындары өткізіледі. Мұндай жиындар жарақаттан кейін спортшыларды жүктемеге біртіндеп қайта бейімдеу мақсатында, денсаулық жағдайына сәйкес жаттығу процесін міндетті түрде бейімдей отырып өткізіледі. Ал, жалпы, қолда бар ақпаратқа сәйкес, өткен жылы және биыл қарастырылып отырған бағыт аясында спортшыларға оңалту немесе сауықтыру бойынша жеке көмек көрсету жағдайлары тіркелмеді, – дейді Қарлығаш Рамазанова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!