Ертең – 31 мамыр. Біз осы күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып, рухына құран бағыштаймыз. Аға ұрпақтың тапсырған аманаты бір сәт ойға келеді. Не істедік, не қойдық, қандай мақсатқа жеттік? Осының бәрін ой елегінен өткізіп, өзімізге өзіміз бір есеп бергендей боламыз.

Ұлт үшін басын бәйгеге тігіп, «тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген ұлы мұратына бағыт алған талайлар қазақтың азат күні, азаттығы жолында құрбан болды. Әріп танығанның әлекке шатылып, білгеннің басы «домалаған» кез еді. «Білмеймін деген бір сөз» деп, бұғып қалғандар аман қалды. «Үнсіз қалсақ, ұлтымызбен құримыз» дегендер ату жазасына кесілді. Қолдан жасалған, ойдан құрастырылған айып қазақтың біртуарларының жанын қиды.

Иә, 1997 жылдан бері біз осы күнді қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арнап келеміз. Алдыңғы толқыннан келе жатқан үрдісті жалғап келеміз. Ұлтты ойлаған ұлылардың арқасында көк аспанда самғап келеміз. Біз ешкімнен кем емеспіз деп, ұлы рухымызды асқақтатып, еңбегімізді ел ертеңіне арнап келеміз. Осыған тәубә!

Сандық деректерді сөйлетсек, осы бір нәубетті жылдарда елімізде 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Олардың қатарында есімі етене таныс Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар.

Қазақтың санасына сілкініс беріп, белді бекем буып, елдік пен ерліктің жарқын көрінісіне айналған жандар еді… Олар лагерьлерге айдалды. Олармен тағдырын бір еткен өмірлік жарлары да Ақмола облысындағы «Алжир» лагерінде азапталды.

Ел тізгінін қолына алып, өз алдына егемен ел болған шақта етек-жеңімізді жия бастадық. Өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырта бастаған шақта, яғни, 1993 жылы «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы заң қабылданды. Нәтижесінде жазықсыз жала жабылғандар ақталды.

Ақтау шаралары мұнымен тоқтап қалған жоқ. Әлі күнге жалғасуда. Осы комиссияның жұмысымен тұрақты айналысып жүрген тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайманмен өткен жылы сұхбаттасқанымызда ол «репрессия құрбандарының ұрпақтарының өзінде әлі күнге үрей бар» деген еді. Сол сөз әлі де санамызда тұр.

Ол уақыттағы бір адамға тағылған айыптың артында бүтін бір әулеттің тағдыры жатты. Жары лагерьге айдалса, балаларына да «халық жауының баласы» деген ат желімдей жабысты. Олардың болашағы бұлыңғыр болды.

«Әрине, мәселен, концлагерлерде мыңдаған қазақ жатты. Олар жазасын өтеп келді. Бірақ олар өмірінің соңына дейін үреймен жүрді. Тіпті келген соң олар не істейді, қайда барады, кіммен кездеседі деп соңдарына бір-бір тыңшыдан салып қойды. Қазір де ата-бабасын ақтауға ұрпағының өзі ынталы болмауы сол үрейден деп ойлаймын. Өйткені әсіресе Сталиннің кезінде бір адамға айып тағылып, оның үрім-бұтағына дейін құртып жіберген жағдайлар көп. Сондықтан жұмған аузын ашпай жүруі де мүмкін» деген еді Сағат Тамшыбайұлы.

Қылышынан қан тамып тұрған қызыл империяның мақсаты мен мұраты да біреу еді. Ол – ұлтты жою. Тіпті, ұлттың ұлық атауын да ала алмай, азапты да көрдік. Ендеше, ұлтымыздың өткенінен сабақ алып, болашағымызды жарқын ету жолындағы мақсат та бір болсын, ағайын!

Дәулет ҚЫРДАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!