Пандемияның әсерінен әлемде цифрлық технологияға сұраныс артты. Нәтижесінде дамыған елдер ұлттық валютасының цифрлық нұсқасын жасап, сынақтан өткізді. Бұл тұрғыда Қытайдың тәжірибесі мол. Өйткені Қытай бірінші болып 2014 жылы «цифрлы юань» жобасын қолға алған. Ал 2020 жылы заңсыз ақша аударымын қадағалау мақсатында Бейжің жаңа валютаны 4 ірі қаласында сынақтан өткізді. Енді 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында оны толыққанды айналымға енгізуді жоспарлауда. Ал көрші Ресейде 2020 жылдан бері нарық қатысушыларымен бірге цифрлық рубльдің артықшылығы мен қауіп-қатерін жан-жақты талқылауда. Біздің елде бұл бастамадан қалыс қалған жоқ. Жаңа жүйені құруға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин теңгені цифрлы форматқа ауыстыру туралы ұсыныс жасаған еді. Тіпті сол арқылы мемлекеттік бюджетте қаржы қозғалысын қадағалап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің ең тиімді тәсілі ретінде қолдануға болатынын мәлімдеді.

– Әрбір теңге цифрландырылады және оның қайда жұмсалғанын көруге болады. Егер мұндай құрал ұсынылса, бүгінде болып жатқан көп жағдайдан аулақ болуға болады. Адамдар жүйені алдау мүмкін емес екенін түсініп, оған бағынып, заң бойынша жұмыс істейді, – деген Бағдат Мусин.

Ұлттық банк жаңа форматтағы ақшаны енгізудің 5 сатысын құрды. Қазір оның 3-еуі аяқталып, пилоттық жобаның зерттеу баяндамасы көпшілікке ұсынылды. Алда жобаның қорытынды және жүзеге асыру кезеңі бар.

Рас, цифрлы ақша қолданысқа енсе, жемқорлықтың алдын алады. Бірақ кибершабуылдан қаншалықты қорғалатыны көпті алаңдатады.

– Цифрлы теңгені енгізу жобасы біраз уақыттан бері талқыланып келеді. Бірақ осы жылы іске қосылады деп күтілуде. Цифрлы теңгенің болғаны дұрыс. Заман талабына, сұранысына жауап беру керекпіз. Әлем елдерін қарайтын болсақ, көп ел цифрлы валютасын енгізді. Пилоттық жоба ретінде тәжірибеден өткізіп жатқан елдер де жетерлік. Біздің елде цифрлы теңге пилоттық жобаның екі сатысы аяқталған соң енгізеді деп күтілуде. Осы тұста халық қолма-қол ақша және карточкамен есеп айрысуды біледі. Ал цифрлы валюта осы ерекшелікті қамтиды. Цифрлы теңге қолма-қол ақша сияқты «токен» деп аталатын нөмірі болады. Қолма-қолсыз есеп айрысуда электронды әмияндар қолданысқа еніп, төлем жасауға мүмкіндік туады. Артықшылығына тоқталсақ,  бұл елдегі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтады. Сонымен қатар ақша аудару барысында комиссия көлемінің аздығы немесе болмауы мүмкін. Оны уақыт көрсетеді. Ал  хакерлік шабуылға келетін болсақ, оны үкімет барынша жоғары деңгейде қорғайды. Әмияндағы қаржы ұрланған жағдайда әр цифрлы валютаның токені арқылы Ұлттық банк тауып ала алады, – дейді сарапшы экономист маман Мақсат Халық.

Халықаралық есеп айырысу банкі мәліметіне сәйкес, биылғы сауалнамаға қатысқан 65 елдің 86 пайызы цифрлықақша енгізуді зерттеуде. Олардың 60 пайызы технологиялық сынақ сатысына жетсе, 14 пайызы пилоттық жобаны іске асыруда.

Кейбір сарапшы мамандар теңгенің баламасын енгізуді мәжбүрлі шара деп есептейді.

– Бүгінде халықтың криптовалютаға қызығушылығы артқан. «Орталық банктер мемлекеттің бақылауына алынбаған ақша форматының еркін айналымына жол бермеу тәсілін зерттеуде. Ал сандық теңге жасау криптовалютаның барлық артықшылығын пайдаланып, оның кемшілігін алдын алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда әлемдегі 50-ге жуық орталық банктер өзінің осындай ақшасын әзірлеуде. Қазақстан үшін цифрлық теңге қаржы жүйесі мен төлем технологиясы эволюциясындағы жаңа қадам, – дейді экономист Мұрат Қастаев.

Цифрлы теңгені енгізу – заман талабы екенін ұқтық. Оның артықшылығы да басым. Ал пилоттық жобаның қашан қолданысқа енетіні жайында үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев «Цифрлық валютаны енгізудің ықтимал әсерлерін зерттеу нәтижелері, пилоттық жобаның қорытындысы және мүдделі тараптармен талқылау өткеннен кейін цифрлық теңгені енгізу қажеті туралы шешім қабылданады және жол картасы әзірленеді» деді. Ал пилоттық жоба 2021 жылдың екінші жартысында іске асатынын атап өтті.

Әзірге Ұлттық банк цифрлық валютаны енгізу туралы баcтаманы жариялады. Цифрлық теңгенің ақша-кредит саясатына және қаржылық тұрақтылыққа, төлем қызметтері нарығына әсері анықталды. Цифрлық теңге қолма-қол ақшаны айырбастауға арналмағанын естен шығармайық. Егер енгізілсе, заңды төлем құралына айналары сөзсіз.