Елордада «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.

Елордада «Volvo» жүргізушісі екі айдың ішінде 100-ге жуық жол ережесін бұзған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордада «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Аталған шара басталғаннан бері жол ережесін бұзудың 3 231 дерегі анықталды, оның ішінде мас күйінде 33 жүргізуші, көлік құралын басқару құқығы жоқ 60 жүргізуші және автокөлікті басқару құқығынан айырылған 6 жүргізуші анықталды.

Көлік тәртібін арттыруда жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін автоматты жүйелер маңызды рөл атқарады.

Биыл елордада «Қорғау» мобильді қосымшасы іске қосылды. Онда «Сергек» жүйесі камераларының, жедел басқару орталықтарының және ІІМ мобильді қосымшаларының мүмкіндіктері біріктірілген.

Жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері «Қорғау» қосымшасын қолдану арқылы 286 жүргізушіге әкімшілік құқық бұзу бойынша берешегі туралы хабарланды. Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық тұрағына 129 автокөлік қойылды.

Сондай-ақ, «Сергек» камералары коммуналдық тұраққа қойылған «Volvo S40» маркалы автокөлікті тіркеген. Автокөлік жүргізушісіне 2 млн 344 мың теңгеден астам сомаға хабарлама жіберілген. Оған 99 төленбеген айыппұл есептелгені анықталды, оның 94-і – жылдамдық режимін асырғаны үшін салынған айыппұл.

Сонымен қатар, полицейлер жүргізушісі бұрын көлік басқару құқығынан айырылған «Ваз 21150» маркалы автокөлігін тоқтатты. Оның 2017 жылы мас күйінде көлік жүргізгені үшін сот тәртібімен көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Тәртіп бұзушы ҚР ӘҚБК 612-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!