Биыл 10 айда шенеуніктер 300 млрд теңгені игерген жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.

Үкімет ақшаны игермеген аймақтар мен министрліктерді атады. Бюджетті игермеу бойынша көш бастап тұрғандар – индустрия және инфрақұрылымдық даму, ішкі істер, төтенше жағдайлар және ағарту министрліктері. Бұл тізімдегі алғашқы екеуі оған дейінгі жылдар да ақшаны игермеді.

Сарапшылардың пікірінше, бұған себеп – реттелген ережелер мен бюрократия. Экономистер оны шешу үшін шектен тыс құжаттама мен есептерді азайту керек деп санайды. 

“Менің ойымша, бұл қорқынышты нәрсе емес, мәселе мүлдем басқа. Бізде ресми түрде бюджет бар, айталық, үш жылдық бюджет жасалады. Бірақ ол сөз жүзінде ғана, іс жүзінде үш жылдық бюджетке өте жалпы бағдарламалар қабылданады. Егжей-тегжейлі қаржыландыру жоқ. 12 ай тым аз. Зейнетақыны 12 айлық циклмен төлеуге болады, бірақ даму, жоба жасауға келетін болсақ, адамдар жай ғана үлгермейді. Әрі ең жаманы – егер ол игеріліп болмаса, келесі жылы ол ақша берілмеуі мүмкін”, – деді экономист Алмас Чукин.

Сарапшы «желтоқсан базары» түсінігіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, басқармалар ақшаны игеру үшін айдың соңында бәрін сатып ала бастайды. Ол бюджет ережелерін өзгертуді ұсынды.

Бюджет елорда, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында игерілмеген

“Жергілікті бюджеттер шығыны – 8,1 трлн теңге. Игерілмегені – 520 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңгеге нысаналы трансферттер көзделген. 1 қарашада оларға 2,6 трлн теңге бөлінді. Оның 94,1%-ы игерілді. 150 млрд.теңге игерілмеген, 16 млрд. теңге үнемделді, – деді премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Мемлекеттік сатып алу саласында да бұл мәселе өзекті. 33 000-ға жуық процедуралар бойынша бұзушылықтар анықталған. 

“Біздің мемлекеттік сатып алу туралы заңымыздың көлемі оқушы дәптері сияқты. Ал Еуропа елдерінде әр сұрақтың жауабы бір томға татиды. Екіншіден, мемлекеттік меншік өте көп. ЖІӨ-нің 55%-нан 15%-ға дейін төмендемейінше, бұл бұзушылықтар азаймайды. «Самұрық-Қазына», т.б. квазимемлекеттік кәсіпорындар жекешелендірілуі тиіс. Үшінші себеп – қоғам менталитеті. Трайбализм, статизм. Егер мектепке жөндеу жасалса, онда оны директордың туыстары жөндейді дегенге үйреніп қалдық”, – дейді сарапшы Сапарбай Жұбаев.

Жылда мемлекеттік қаражаттың игерілмеуі байқалады. Экономистер тәсілді, саясаттанушылар менталитетті өзгертуге кеңес береді.