ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті әлеуметтік маңызы зор азық түрлеріне мониторинг және талдау жүргізіп жатыр, деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, мониторинг барысында басты назар өңірде өндірілетін азық-түліктің өзіндік құнына аударылды.

Департаменттің талдау тобы күріш өндіретін ең ірі 9 кәсіпорынның баға белгілеу жұмыстарына талдау жүргізілді. Оның нәтижесіне сәйкес, Қаржылық мониторинг агенттігінің облыстық өкілдігі 6 күріш өндіретін компанияның бағаны көтеруі қаншалықты негізді екендігін білу үшін тексеру тағайындады.

Өзге кәсіпорындар өңірдің әлеуметтік дүкендерінде саудалау үшін облыстың Тұрақтандыру қорына арналған күріштің килограмын 420-дан 350-ге дейін түсіруге келісті.

Қазіргі таңда әлеуметтік дүкендерде күріштің килограмын 350 теңгеден аспайтын бағада саудалау жұмыстары жергілікті органдар мен «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік коропорациясы арасында қарастырылып жатыр.

Сурет: ашық дереккөз

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!