Түркістан облысында кәсіпкер бір күнде 320 бас қойынан айырылып қалды. 20 жылдан бері асылтұқымды қой өсіріп отырған кәсіпкер дәріханадан шетелдік препарат сатып алған. Қойды емдеу үшін ветеринарға емес, Шымкенттегі дәріханаға барған. Шаруа сатушының шошқаға беретін «Аштил» ұнтағы ауру қойға ем болады…» деген сөзіне сеніп, сатып алған. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

«Маған «ұнтақ әрі арзан түседі. Бір келісін 10 литр суға құйып, қойға 10 грамнан, қозыға 5 грамнан бересің», – деді. Қозылар жас қой әлі деп едім, «онда 3 грамнан сал» деді. Сонымен, 700 бас аналық қойға, 500 қозыға салдым. Сағат 7-ден бастадым, 10-да дәрілеп біттім. Кешкі сағат 10-нан кейін қойларым қырылып қалды. Іші кеуіп, әр жерде топ-топ етіп өле бастады», – дейді шаруа қожалығының иесі Самат Кәдіров.

Аман қалған қойлары да сілекейі шұбырып, жемшөп жеуден қалыпты.

Малынан айырылған шаруа полиция мен ветеринарларды шақыртыпты. Алайда ветеринарлар ештеңе істей алмайтынын айтқан.

«Сол дәріден болған, бұл шошқа мен тауыққа арналған деп бәрі айтты. Екі еселік доза болған. Қойдың ішін күйдіріп жіберді», – дейді шаруа.

Шаруа Шымкенттегі ветеринариялық дәріханаға барғанда сатушылар кәсіпкермен дауласып, жауап беруден бас тартқан.

Малдың өлексесін зертханада тексеріп жатқан мамандар «Кәсіпкердің ветеринарға емес, сатушыға жүгінгені қателік болды», – дейді.

«Біз зертханадан энтеротоксимия жұқпалы ауруға тексеру жібердік. 9 күнде оның нәтижесі келеді», – дейді Түркістан облыстық ветеринария қызметі басшысының орынбасары Әлмет Оразбеков.

Шаруа енді сараптаманың нәтижесін күтіп отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!