Қазақстанның сыртқы қарызы 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 160,9 млрд долларды құрады. Бұл ІЖӨ-ге шаққанда 90,7%, деп хабарлады Ұлттық банк.
ҚР Ұлттық банкінің Төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаевтың айтуынша, бұл қарыз бюджеттің немесе халықтың қаражаты есебінен төленбейді, өйткені сыртқы борыштың шамамен 80%-ы мемлекет те, қарапайым азаматтар да жауап бермейтін жеке ұйымдардың міндеттемесіне тиесілі.
– Мемлекеттік сыртқы қарыз ел борышының бар жоғы 8,2%-ын немесе 13,2 млрд доллар, ал квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызы – 12,5% немесе 20,1 млрд доллар. Бұл жалпы алғанда ІЖӨ-ге шаққанда 18,8% және халықаралық тәжірибеге сәйкес, қауіпсіз деңгейге жатады, – дейді Азат Өскенбаев.
ҚР ҰБ мәліметінше Қазақстанның тікелей және шартты сыртқы міндеттемелері соңғы үш жыл ішінде квазимемлекеттік сектор ұйымдарының сыртқы борышын өтеу есебінен 6,2 млрд доллар немесе 15,7%-ға азайып, 2020 жылдың 1 қазанында 33,3 млрд долларды құраған. Елдің сыртқы қарызының құрылымында ең көп бөлікті жеке сектордың фирмааралық берешегі алып отыр. Оның көлемі 101,3 млрд доллар немесе 62,9%. Бұл соманың маңызды бөлігі шетелдіктердің қатысы бар үш ірі жоба – Қашағанға және ТШО мен Қарашығанаққа тиесілі. Мұндай жобаларды іске асыру үшін шетелдік инвесторлар Қазақстанда тіркелген өз тобының компанияларын қаржыландырады. Халықаралық әдіснамаға сәйкес, осындай инвестициялар да елдің сыртқы қарызы болып саналады.
– Сырттан қаржы тарту – жаңа технологиялар ағынын қамтамасыз етеді, жаңа жұмыс орындары пайда болады, тікелей салық түсімдерін қамтамасыз етеді, әлемдік өндірістік тізбектерге интеграциялануға және өткізу нарықтарын кеңейтуге септігін тигізеді, – дейді Азат Өскенбаев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!