Табиғат сырын терең білмей, оған немқұрайлы қарау үлкен апатқа соқтырады. Бір кездерде табиғатты бағындыруды мақсат тұтып, ормандар аяусыз балталанды, аң-құстар шамадан тыс ауланды, жер жөн-жосықсыз жыртылып, топырақта эрозия пайда болды. Соның салдарынан бүгінгі таңда адам баласына ядролық апаттан гөрі экологиялық апат аса үлкен қауіп төндіріп отыр.
Бізді экологиялық апатқа душар еткен – адам санасы эрозиясының нәтижесі. Экология, қарапайым тілмен айтқанда тіршілік ету мекені, өмір сүретін орта деген сөз.
Бүгінде санасында сәулесі бар әрбір адамды туған жердің табиғатының тағдыры толғандыруы керек. Ауылдық жерлердегі экологиялық, санитарлық, эпидемиялық жағдайдың нашарлауы салдарынан жұқпалы аурулардың көбеюіне әкеп соқтыруда.
Өсімдік – тіршіліктің тірегі. Ғаламшардағы өсімдіктер жылына ауа қабатына миллиондаған тонна оттегі бөліп шығарады екен. Жасыл желектердің ауаны улы газ бен шаңнан тазартатынын ескеріп, оларды көптеп отырғызуға көңіл болу керек. Өсімдіктер ауадағы ауру тудыратын түрлі бактерияларды жоятын ерекше зат бөліп шығарады. Сондықтан өзіміз өмір сүретін қоғамды жасыл желекке орау біз бен сіздің қолымызда, жас ұрпақ!

Шаттық ӘЖІБАЕВА,
Шиелі ауданы, 1 мамыр ауылы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!