Түркия президенті Реджем Ердоған Кахраманмараш пен Газиантепте жер сілкінісінен зардап шеккендерге жаңа үйлердің кілтін табыстады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Anadolu агенттігіне сілтеме жасап. 

Мемлекет басшысы Газиантепте жоспарланған 50 мың пәтерге қосымша тағы 50 мың пәтер салынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ зілзала болған аймақта орналасқан қалалар мен елді мекендерде инфрақұрылым жаңартылады дейді. 

«Қуатты жер сілкінісінен 15 күн өткен соң жаңа үйлердің іргетасы қаланды. Апат болған аймақта 507 мың пәтер мен 143 мың жеке үй салынады. Оның 319 мыңы 1 жыл ішінде беріледі. 60 мың пәтердің іргетасы қаланды. Жұмыстар үздіксіз жүріп жатыр. Біздің міндетіміз – жер сілкінісінен зардап шеккен азаматтарды жаңа үйлерге барынша тезірек қоныстандыру», – деді Түркия президенті. 

Еске салайық, 6 ақпанда Түркияның Кахраманмараш қаласында 7,7 және 7,6 балдық қуатты жер сілкінісі болған еді. Салдарынан 50 мыңнан аса адам көз жұмды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!