Банк ЦентрКредит «Альфа-Банк Қазақстан» еншілес банкі» акционерлік қоғамының 100% жай акцияларын сатып алғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Банк қажетті тіркеудің бәрінен өткеннен кейін ECO BANK брендімен жұмыс істейді. Толық атауы – «ECO BANK» еншілес банкі» акционерлік қоғамы.

«БанкЦентрКредиттің» ресми сайтында «Альфа-Банк Қазақстан» еншілес банкінің» клиенттері үшін банк өнімдерінің бүкіл шарттары бұрынғы қалпында қалатыны айтылған.

«SDN тізімінен шығару процедурасы аяқталғаннан кейін банк қызметтерінің бүкіл тізбесі қолжетімді болады. Бұдан былай біздің клиентімізге айналған тұлғаларға қолайлы болуы үшін BCC.KZ веб-сайтында сұрақ-жауап форматында қажетті ақпараттар жарияланды. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда жеке тұлғалар 505 нөміріне, заңды тұлғалар 605 нөміріне хабарласа алады», – деп жазылған банктің мәліметінде.

Сайттағы мәліметке сенсек, «Альфа-Банк Қазақстанды» сатып алуға «Банк ЦентрКредиттің» өз қаражаты жұмсалған.

«Қазіргі таңда банктің ребрендинг жұмыстары басталып кетті. Яғни, еншілес банктен Қазақстанның қаржы нарығында 33 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Банк ЦентрКредит» сияқты тұтастай қазақстандық банкке айналады», – деп жазады банктің сайты.

«Банк ЦентрКредит» АҚ басқарма төрағасы Ғалым Хұсаинов санкцияға ілінген банкті сатып алу тәжірибесі Қазақстанда алғаш рет болып жатқанын айтады.

«Қысқа мерзімде осы келісімді сәтті аяқтағаны үшін бүкіл қатысушыларға алғыс айтамын. Біз үшін клиенттер тарапынан түсіп жатқан мәселелерді шешу – басты міндет болмақ. Сондай-ақ, қызметкерлердің бір команда болып жұмылып, жаңа банктің бизнес-процестеріне атсалысуын қамтамасыз етуіміз керек. Мұның бәрі келешекте ұзақмерзімді және әріптестік қатынас орнатуға ниетті клиенттерімізге арналған жаңа әрі қарапайым өнімдерді іске қосып, банктің жағдайын жетілдіруге жол ашады», – дейді банк басшысы.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу агенттігі қазақстандық банктің Альфа банк мәртебесін иеленуіне келісім берген еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!