Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға, атап айтқанда бала кезінен мүгедектерге берілетін әлеуметтік жәрдемақы 30 мыңнан астам теңгеге ұлғайтылғаны туралы ақпарат тараған. Бұл мәлімет шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

«Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар жыл сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты индекстеледі. Мәселен, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап, мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері 5%-ға арттырылды. Бұдан басқа, инфляция дәлізін 4-6%-дан 8-10%-ға дейін қайта қарауға байланысты жәрдемақыларға қосымша индекстеу жүргізу жоспарланып отыр» делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік мәліметіне сәйкес, жоғары мөлшердегі жәрдемақыларды төлеу Мемлекет Басшысы «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаннан кейін жүзеге асырылады. Ал, заң жобасы қазір Сенат қарауында. «Бұл ретте өткен уақыт үшін осы жылғы сәуірден бастап, жәрдемақылардың жаңа мөлшеріне дейін тиісті қосымша ақы төленетін болады» , – деп хабарлайды министрлік.

Сондай-ақ, ведомство азаматтардан фейктерге назар аудармауды және ақпаратты тек ресми дереккөздерден пайдалануды сұрайды. Бұған дейін мүгедектік жөніндегі жәрдемақының орташа мөлшері 52609 теңге болғаны жазылған.