Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапарымен Қармақшы ауданына барып, бірқатар нысандарды аралады.

Облыс әкімі алдымен Ақтөбе ауылдық округіндегі жылына 1500 тонна құс етін өндіретін фабриканың жұмысымен танысты. «Қармақшы құс» ЖШС біріккен кәсіпорны 2017 жылы «Байқоңыр» ӘКК АҚ қолдауымен фабрика құрылысын бастаған.

Өндіріс иесі Нұрлан Іздібаев фабрика биыл тамыз-қыркүйек айларында жұмысын бастайтынын жеткізді. Өз кезегінде облыс әкімі сапалы әрі импорт алмастырушы өнімдерді шығару қажеттігін атап өтіп, жобаға қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Аймақ басшысы одан әрі Қармақшыдағы балалар демалысына арналған лагерьдің жағдайымен танысты. Мұнда жыл бойы 5000-ға жуық баланың ой сергітіп, танымдық бағытта жұмыс істеуіне, олимпиадаға дайындық жұмыстарын жүргізу мен түрлі үйірмелерге қатысуға мүмкіндігі бар. Балалар үшін ғимаратта клуб, асхана, ұлдарға және қыздарға арналған бөлек корпустар мен спорттық ойын алаңдар ашылған.

Облыс әкімі қосымша білім беру ұйымдарын салу кезінде ең бірінші кезекте қажеттілікті және бала санына қарай жоба ұсыну керек екенін еске салды. Бұл ретте бюджет қаражатын тиімді қарап, артық шығынды болдырмау қажеттігін тапсырды.

Нұрлыбек Нәлібаев ауданға сапар барысында салынып жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне барып, нысанның жағдайын бақылады. Мердігер мекеме «Сапақ» құрылыс жұмыстарын өткен жылдың қазан айында бастап, биыл қыркүйек айында пайдалануға бермек.

Облыс әкімі жастарды бұқаралық спортпен қамту ісінде спорт кешенін салудың маңызы айрықша екенін атап өтіп, әрбір әлеуметтік нысаның маусымдық кезде ғана емес, жыл бойы жұмыс істеуін қадағалау қажеттігін ескертті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!