Қызылорда облысында биыл 223 есірткі қылмысы тіркелген. Оның ішінде 3-і есірткі заттарын жарнамалау, 43-і сату мен сақтау тасымалдау, қалған 170 қылмыс егу және пайдалану дерегіне қатысты тіркелген. Бұл туралы Қызылорда облысы прокуратурасының басқарма басшысы Батырбек Нұрмағанбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі күні синтетикалық есірткі интернет жүйесі арқылы кеңінен таратылуда. Бұл қазіргі таңда өзекті проблемалардың қатарына енген. Осы ретте қызылордалық тәртіп сақшылар тыңғылықты іс атқаруда.

«Өткен жылы Атырау қаласының тұрғыны Қызылорда қаласынан жалға алған пәтерде синтетикалық есірткі ұнтақтарын қолдан дайындап «Telegram» әлеуметтік желісі арқылы сатумен айналысқан. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, күдікті тұлға сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды», – дейді Батырбек Нұрмағанбетов.

Жалпы биылғы жылы аймақта есірткі қылмысымен ұсталғандардан 164 келіден астам есірткі заты алынған.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабына сәйкес есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Осыған сәйкес әлеуметтік желілерде және қоғамдық орындарда есірткі құралдарын жарнамалау деректері анықталған жағдайда полиция органының «102» арнасына хабарлауды сұраймын», – дейді басқарма басшысы.

Спикер бүгінгі күні есірткі құралдары, оның ішінде синтетикалық есірткі ұнтақтары әлеуметтік желілерде жарнамаланады. Сондықтан балаларды есірткі құрбанына айналудан сақтау үшін олардың әлеуметтік желілерде, оның ішінде телеграмды қолдануын қадағалау қажет екенін, сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы бағыттағы жұмыстар ұдайы жүргізілетінін атап өтті.

Брифинг барысында Батырбек Нұрмағанбетов облыстық прокуратураның жалпы жұмысына да тоқталды.

«Жыл басынан бері прокурорлармен заңсыз ұсталған және әрекеті тергеу органымен заңсыз сараланған 91 адамның конституциялық құқықтарының сақталуы қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, қылмыстық қудалау органдарынан мерзімінен артық ұсталынған 37 тұлға және уақытша ұстау изоляторында 31 тұлға босатылды. Ал 23 тұлғаның іс-әрекетін саралау туралы қылмыстық қудалау органдарының қаулылары келісуден бас тартылып, қылмыстық істерді ақтау негізінде тоқтату туралы шешім қабылданды», – дейді Батырбек Нұрмағанбетов.

Сонымен қатар жыл басынан бері аймақта кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты заңсыз тіркелген 46 қылмыстық іс ақтау негізінде тоқтатылса, оның ішінде 5 іс прокурорлармен тоқтатылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!