Мәнелеп сырғанаудан 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері,  әйелдер арасында төрттік сальхов әдісін тұңғыш орындаған спортшы Элизабет Тұрсынбаева – Сыр елінің ғана емес, қазақтың мақтанышы. Өкініштісі, тарихи жетістіктерге қол жеткізген Лиза 21 жасында карьерасын аяқтады. Спортшының бұл әрекетке баруына жарақаты себеп болған. Аз уақыт карьерасында зор жетістікке жеткен Лизаның жеңіс жолына шегініс жасасақ.

Элизабет Тұрсынбаева бұл спорт түрімен 16 жылдан бері айналысып келді. Осы жылдардың ішінде 39 халықаралық доданың жүлдесіне қол жеткізді, оның 17-сі алтын. 2014, 2015 және 2016 жылдары ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды. 2015 жылы жаңа маусымды АҚШ-та бастап, сол елдегі U.S. Classic турниріне қатысып, екінші орын алды. Бұл спортшының ересектер арасындағы алғашқы халықаралық жарысы болатын. Содан кейін Тұрсын­баева түрлі Гран-при кезеңінде, челлендждерде бақ сынап жүрді. Сәт сайын медаль да еншіледі. Сол жылы алғаш рет Әлем чемпионатына қатысып, 12-орын алды. Элизабет үшін алғашқы үлкен сынақ 2017 жылғы қысқы Азия ойындары болды. Ол бұл жарыста қола медальді қанағат тұтты. 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарында отандасымыз 12-орыннан көрінді.Қазақстандық спортшының карьерасындағы ең жемісті жыл деп 2019 жылды айтуға болады. Сол жылы жапониялық Сайтамада әлем чемпионаты өткен. Оған дейін Элизабет әлем біріншілігіне үш рет қатысып, жүлделі орындарға жақындай алмай жүрген еді. Ал Сайтамада екі түрлі жетістікпен тарихта қалды. Ол еркін бағдарламада төрттік секіруді (сальхов) орындады. Осылайша ересектер арасындағы ресми жарыстарда мұндай жаттығуды орындаған алғашқы спортшы атанды. Оның бұл өнерін қазылар да бағалап, жерлесіміз күміс медаль алды. Осының арқасында әйелдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілген алғашқы қазақстандық ретінде тарихта қалды. Әлем чемпионатынан кейін спортшы жаттығуларының видеосын жариялап жүрді. Онда үштік аксель секілді қиын жаттығуларды орындайды. Мұндай жаттығуларды орындауы Элизабетті болашақта мәнерлеп сырғанаудағы басты фавориттердің біріне айналдырар еді. Бірақ бәрі спортшы жарақат алған кезде аяқталды.

2019-2020 жылғы маусымнан бастап спортшы көп жарысқа қатысқан жоқ. Себебі арқасы ауырып, Элизабет жаттығу да істей алмайтын. Басында арқасы сәл ауырған, кейін ол күшейе берген. Спортшы жаттығу кезінде қарапайым әдістерді орындай алмаған. Содан соң  Ресейге барып тексерілген, онда тірек-қозғалыс аппараты жарақаттан­ғанын анықтаған.

«Қатты көңілім түсті. Лизаға Құдай күш-қуат берсін. Амалсыздан үнсіз жылаймын. Мәнерлеп сырғанау әлемінде қанша қиындықтан өткеніңді Құдай мен мен ғана білемін», – деп жазды Элизабеттің анасы Падишахан Сұлтанәлиева.

Жанкүйерлер Лизаны мұз айдынына оралады деп күтіп жүрген. Оның үстіне Бейжің Олимпиадасы да жақын еді. Алайда спортшының әкесі Байтақ Тұрсынбаев қызының карьерасын аяқтағанын хабарлады.

«Элизабет мәнерлеп сырғанау спортына 2005 жылы келді. Сегіз жасында елде өткен барлық жарысқа қатысты. Сондай-ақ Қазақстанның құрама командасында бой көрсетті. Осы аралықта Элизабет үлкен жетістіктерге жетті. Қазақстанның атын әлемге танытты десек те болады. Біздің алға қойған мақсаттарымыз өте көп болатын. Қысқы олимпиадаға қатысуды жоспарлаған едік. Дегенмен денсаулығы сыр бергеннен кейін осындай шешімге келдік. Әрине мұндай шешім шығармас бұрын көп ойланып, толғандық. Бірақ ұзақ уақыт бойы арқасындағы жарақатынан толық айыға алмады», – деп жазды ол.

Осылайша спортшының өмірінде жаңа тарау басталды. Туған жерге оралып, Қызылордадағы спорт мектебінде жаттықтырушы ретінде жұмыс істей бастады. Жақында спортшы мансабын аяқтағаннан кейін неге өкінетінін жеткізді.

«Әдетте өз ойыммен бөліспеймін, бірақ бүгін айтқым келді. Мансабымды аяқтағаннан кейін өкінетін жалғыз дүние – осы бағдарламаны Рахманиновтың концерт туындысында барлық жағынан көрсете алмағаным. Жаттықтырушы­ларым қалағандай деңгейде көрсеткім келген еді», – деді ол инстаграм парақшасында.

Элизабет Тұрсынбаева өзіне бағдарламаны орындап шығу қиынға соққанын айтты.

«Мен үшін бұл қиын болды, бірақ мені басқа деңгейге алып шығар еді. Біз командамен осылай жоспарладық. Өкінішке орай оны Шанхайда ғана көрсете алдым, ол жерде жарақатпен күресіп, дайын болмадым. Бағдарлама да шикі болды», – деп жазды ол.

Осыдан 6 жыл бұрынғы сұхбатында Лиза «Сәтсіздіктер мен жеңілістерді қалай қабылдайсың?» деген сауалға «Өмірде ешқандай жеңістің оңайлықпен келмейтінін білемін. Сондықтан сәтсіздіктер мені одан сайын ширата түседі. Қиналған сәтте анам қолдау көрсетеді, керек жерінде кеңесін айтады. Сондай-ақ туған қалам Қызылордаға барғанда көп энергия жинаймын. Туған елімде мені көптеген адамдардың білетіндігі, жерлестердің маған тілеулестігі бойыма қанат бітіреді. Бұл – мен үшін зор қуаныш» деген екен.

2011 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен, талай әлемдік сындарда үздік көрсеткіштерге қол жеткізген Элизабеттің есімі отандық спорт тарихында алтын әріппен жазылатыны түсінікті. Себебі талантты қыз тек мәнерлеп сырғанаумен ғана шектеліп қалмаған еді. Ол музыкалық мектептің скрипка сыныбын тәмамдап, мұз айдынында сазды скрипканы әуелетуімен есте қалды.

Енді жанкүйерлердің жан-жақты Лизаның орнын басатын спортшы шықса деген тілегі бар. Біз де Төрт құрлық чемпионатында, Азия ойындарында, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында, Халықаралық универсиадада жүлдегерлер қатарынан көрінген жерлесіміздің ендігі кезекте жаттықтырушы ретінде ізбасарын тәрбиелеп, шәкіртімен олимп шыңын бағындыруын тілейміз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!