Әлемнің әр түкпірінде білім алып, еңбек етіп, өз қабілетін дәлелдеп жүрген қазақ жастары аз емес. Бірі ғылымда жаңалық ашса, бірі бизнесте, бірі өнерде топ жарып жүр. Ал енді бірі өзге мемлекеттің мемлекеттік басқару жүйесіне еніп, ел тағдырына қатысты шешім қабылдайтын деңгейге дейін көтерілді. Олар тек өздерінің ғана емес, күллі қазақ елінің мерейін үстем етіп, «қазақ қай жерде де бәсекеге қабілетті» деген пікірдің өміршеңдігін дәлелдеп келеді.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген тәмсіл бар. Алайда бүгінгі заман бұл сөздің мағынасын сәл өзгеше ұғындырады. Кейде өзге елде жүріп те өз ұлтыңның мерейін үстем етуге болады. Мұның дәлелі – Лондондағы Санжар Әбішев.

Жуырда Қазақстанда туған Санжар Әбішев Ұлыбритания астанасының ең беделді аудандарының бірі – Сент-Джеймс округінен Вестминстер қалалық кеңесінің мүшесі болып сайланды. Бұл жай ғана депутаттық мандат емес. Вестминстер – Ұлыбританияның саяси, тарихи һәм мәдени орталығы. Мұнда әлемге әйгілі ғимараттар, үкімет мекемелері мен халықаралық ұйымдар шоғырланған. Осындай өңірдің тұрғындары өз дауысын қазақ жігітіне сеніп тапсыруы – үлкен құрмет әрі зор жауапкершілік.

Санжардың табыс жолы саясаттан басталған жоқ. Ол Ұлыбританиядағы беделді оқу орындарында білім алып, маркетинг саласында тәжірибе жинақтады. Кейін Blue Swallow Group компаниясын құрып, халықаралық брендтермен жұмыс істеді. Сонымен қатар қайырымдылық қорын ашып, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетті. Яғни оның қоғамдық қызметі сайлаудан бұрын басталған еді.

Саясаттағы абыройын арттырған оқиғалардың бірі – сайлауалды науқан кезінде 79 жастағы қарияны аман алып қалуы. Өз пәтерінде құлап, жарақаттанып қалған қарияға алғашқылардың бірі болып көмек көрсеткен Санжардың бұл әрекеті халықтың ықыласын одан әрі арттырды. Өйткені шынайы көшбасшыны биік мінбер емес, қиын сәттегі адамгершілігі танытады.

Кей адам шетелге барған соң туған тілін ұмытады. Ал енді біреулер өз тілін сақтай отырып, өзге тілдерді де меңгеріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Германиядағы Мәншүк Назарбай – сондай жанның бірі.

Шымкентте өскен қазақ қызы кейін Алматыда жоғары білім алып, өмірлік серігінің соңынан Германияға қоныс аударады. Сол кезде бұл шешімнің өмірін түбегейлі өзгертетінін өзі де болжай қоймаған шығар.

Жаңа ортаға бейімделудің ең ауыр кезеңі – тіл үйрену. Бірақ ол бұл сынақтан сүрінбей өтті. Неміс тілін жетік меңгеріп қана қоймай, бірнеше тілді еркін игерді. Бүгінде Мәншүк Германияның ең ірі қалаларының бірі – Мюнхен әкімшілігінің қаржы бөлімінде мемлекеттік қызмет атқарады.

Оның атқаратын қызметі – мемлекеттік бюджет пен салық қаражатын басқару. Бұл – үлкен сенім мен кәсіби жауапкершілікті талап ететін міндет. Өйткені мемлекеттің әрбір тиыны – халықтың аманаты. Мұндай жауапты қызметке өзге елдің азаматының келуі оңай емес. Демек кәсібилік ұлтқа емес, қабілетке қарай бағаланатынын Мәншүктің өмірлік тәжірибесі тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

Кейде тағдыр адамды өзі күтпеген жерге жетелейді. Сымбат Серікованың өмір жолы – соның айқын мысалы.

Шымкентте дүниеге келіп, Астанада бойжеткен ол Алматыдағы Қазақ- Неміс университетінде халықаралық қатынастар мамандығын тәмамдады. Кейін Германияда білім алып, АҚШ консулдығында, ЮНИСЕФ-те, мемлекеттік секторда, дипломатиялық клубтарда қызмет етті. Қазақ, орыс, неміс, ағылшын және түрік тілдерін меңгерген жас маман бүгінде Германия парламентінде еңбек етіп жүрген жалғыз қазақ қызы ретінде танылды.  

Қызығы, оның парламентке баруы алдын ала құрылған жоспар емес еді. Ол бірнеше айлық тәжірибеден өтуге келген. Алайда еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігін байқаған әріптестері оны тұрақты жұмысқа ұсынған. Осылайша уақытша басталған сапар үлкен мансаптың баспалдағына айналды.

Дегенмен Сымбат жетістікке жетудің жарқыраған тұсын ғана емес, көлеңкесін де жасырмайды. Өзінің айтуынша, бөтен тілде күн сайын жұмыс істеу, жергілікті қоғамның ішкі мәдениетін түсіну, олардың тарихи жадымен бірге қалыптасқан әзілдері мен танымына бейімделу – оңай емес. Оның үстіне өзіңе деген талаптың жоғары болуы да кейде үлкен психологиялық салмақ түсіреді.  

Соған қарамастан, ол алған мүмкіндікті жауапкершілікпен ақтап келеді. Бүгінде университеттерде дәріс оқып, жастармен кездесіп, халықаралық тәжірибесімен бөлісіп жүр.

Түйін: Бұл біз білетін мемлекеттік қызметте жүрген қазақтардың аз бөлігі ғана. Мақаламыздың кейіпкерлерін байланыстыратын ортақ қасиет – тынымсыз еңбек, білімге деген құрмет және кез келген ортада өз қабілетін дәлелдей білу. Олар өзге мемлекеттің заңына қызмет етсе де, қазақ деген ұлттың қадір-қасиетін, білімге құштарлығын, еңбекқорлығын паш етіп жүргеніне күмән жоқ.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!