“Аягөз қайда барасың?” әнімен өнер есігін айқара ашқан сазгердің жұлдызы жарқырай көрінді. Нұртуған Жаңабай көпті әнімен әлдилеп жүр. Әуені жанды әлекке салмай, тыңдарманға таңғажайып әсер сыйлайды. Жаттандылық пен жасандылықтан ада өнер адамы өтірік айта алмаса керек-ті. Сондықтан болар, Нұртуғанның әр туындысы мөп-мөлдір, шынайы.

– Сазгер – сиқыршы тәрізді. Жеті нотадан 62 тамырды идірер ән шығарады. Өнер жолының қызығы мен қиындығына тоқталсаңыз…
– Өнер – қаймағын қалқып ішетін өнім емес. Егер оны теңіздей терең тұңғиыққа теңесек, түбіндегі маржанын теру маңызды. Бұл қасиетті өнердің киесін түсінумен пара-пар. «Далаға шығып таяқ лақтырсаң, композиторсымаққа тиеді. «До» мен «ре»-нің арасына таксимен барып келетін адамдар көбейіп кетті» деген Әбілахат Еспаевтың сөзі еріксіз еске түседі. Сайып келгенде, саз бен сөздің салмағын түсінбей, нотадан бейхабар болса да жеңіл ән жазып «сазгермін» деп көсілетіндер жоқ емес. Ал өнер – өзіңді өңеш жыртып мойындатуды көтермейді. Бағыт түзу, құлшыныс зор болса, шығармашылық шыңға жетуге болады.
«Өлеңге айтып қойыппын, өмірдің айтпа дегенін». Айтыңызшы, тағдыр жолыңыздың тамшыдай бөлігін әнмен әрлеген кезіңіз болды ма? Әнге сөз жазатыныңыз көпке мәлім ғой…
– Өмірдің өз заңы, тағдырдың тосын сыйы бар. Көңілге соққы боп тиер мұң да, шаттық пен қуаныш та әр сәттің еншісінде. Сондықтан жайымды айтып жарияға жар салмасам да, өткергенімді өзімше сипаттайтыным бар. Ол сөздің мазмұнында, әннің ырғағында қылаң беруі мүмкін. Асылында қайсыбір туындының түп-төркінінде сезім мен күй сөйлеп жатады ғой.
– Қателеспесем, өнер жолына 2018 жылы қадам бастыңыз. Бес жылда бағындырған белесіңіз биік, әр туындыңыз танымал. Шығармашылық тоқырауға ұшырамас үшін өзіңізді қалай қамшылайсыз?
– Өнер өлкесінде төбе көрсеткелі жүкті жүрексінбей көтеруге ынталымын. Әр әнімді тыңдарман жылы қабылдаса деген мұратым болды. Шүкір, ықылас пен қошеметтен кенде емеспін. Әрбір қолдау қуаттап келеді. Тыңдарманды жағымды әнмен қуанту шығармашылықтан шет қалмауыма себеп.


«Біреудің мұңына билейді жұрт» дейді. Шынында да көңілді құбылтып қоятын әнге шыр айнала билейтіндер бар. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Бұлбұлдар әсем сайрағанымен ол мұңын айтқан зарлы үні болуы мүмкін. Сондықтан сыртқы көрініс пен ішкі дүлейде айырма бар. Иә, кейде мұңды әуенді биге бейімдеп алғанды байқаймыз. Бірақ сай-сүйегіңе дейін шымырлатып жіберер әнге секіріп билейтіндер сирек. Сондықтан ырғақтың ыңғайына қарай қозғалуды сөкпеген дұрыс шығар. Халық немесе той, эстрадалық сынды әннің түр-түрі бар. Соны електен өткізіп, ән мен бидің байланысына мән берген абзал.
Жақында Ақтауда кеш өткіздіңіз. Тыңдарманның ықыласы қалай әсер етті және кеш ерекшелігі неде?
– Маңғаз Маңғыстау төрінде кеш өткізіп, батыстың батасын алып қайттым. Бердіхан Әлменнің ұйымдастыруымен алғашқы концертім өтті. Ақын Айдар Сайлауов пен жыршы Жәнібек Жақсан да шығармашылық кешімде өз өнерін көрсетті. Жаңа әндерімнің тұсауы кесіліп, Күмісбек Айжарықтың орындауындағы «Әке-Ана» әні алғаш рет жетігенде орындалды. Алтын уақытын бөліп, ықылас білдірген тыңдарманға алғыс.


– Тыңдарманға тартуыңыз мұнымен тоқтамады. Сыр елінде де концертіңіз өтпек. Осы жайында сөз қозғасаңыз…
– Бұйырса бір аптадан соң облыстық Н.Бекежанов атындағы драма театрда “Батаңды бер, ағайын” атты концертім өтеді. Қазір дайындық қарқынды жүріп жатыр. Тыңдарманның есінде қалатындай кеш сыйласақ нұр үстіне нұр. Концертте әнімді шырқап жүрген Әбдіжаппар Әлқожа, Төреғали Төреәлі, Мәлік Жамбылұлы, Әділет Жауғашар, Жандос Қаржаубай сынды эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.


Сұхбаттасқан
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!