Бақ шаба ма, бап шаба ма деп төрткүл дүние көз тіккен атақты Нобель сыйлығын алу – ең жоғарғы атақ пен марапаттардың бірі. Әлем жұртшылығының алдында осынау марапатқа ие болу бақыты биыл да жолдан адасқан жоқ. Негізінен аталған сыйлық жыл сайын дәстүрлі түрде физика, химия, медицина, әдебиет, экономика, бейбітшілік салаларында жетістікке жеткен ғалымдарға, қайраткерлерге беріледі.

Нобель сыйлығына биыл қолы жеткен лауреаттарға тоқталайық. 2023 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығы ирандық құқық қорғаушы және елдегі әйгілі Эвин түрмесінің тұтқыны Наргес Мохаммадиге «Ирандағы әйелдердің қысымына қарсы күресі және адам құқықтары мен бостандығын насихаттаудағы күресі үшін» берілді. Демократияның дамуына үлес қосқаны үшін әлемдік деңгейдегі марапат мінберіне көтерілген ол осы бағытта «Ирандағы әйелдер мен балалар құқықтарын қорғағаны үшін» 2003 жылғы Нобель бейбітшілік иегері атанған Шырын Эбадиден кейін осы марапатқа ие болып отырған екінші ирандық атанды. Наргес Мохаммадиды марапаттау Ирандағы «Әйел. Өмір. Бостандық» қозғалысына Нобелдік комитеттің құрметі ретінде қарастырылды.

Адамзаттың асыл мамандықтарының қатарындағы медицина саласы бойынша лауреат атану құрметі Каталин Карико және Дрю Вайсменге бұйырлы. Нобель комитеті оларды әлемді дүр сілкіндірген COVID-19-ға қарсы вакцина жасауға көмектескен ғылыми жаңалығы үшін марапаттаған. Физика бағытындағы марапатты Пьер Агостини, Ференц Крауш және Анна Л’Улье есімді ғалымдар алды. Олар 2001 жылы аттосекундтық физика саласының негізіне айналған сәтті эксперимент жасауымен танылған. Ғылыми қауымдастық ғалымдардың еңбегіне «атомның ішіне үңілуге мүмкіндік берді» деген баға берген. Ал химия саласындағы биылғы Нобель сыйлығының лауреаттары америкалық ғалымдар – Мунджи Беуенди, Луи Брус және Алексей Екимов. Ғалымдарға марапат «кванттық нүктелерді ашқаны және синтездегені» үшін берілген.

Әдебиет бағыты бойынша марапат норвег драматургі Ион Фоссеге берілсе, экономика саласында Нобель сыйлығына америкалық зерттеуші Клаудия Голдин лайық деп танылды. Нобель комитетінің мәліметінше, марапат «еңбек нарығындағы әйел рөлі ұғымын түсінуге» қосқан үлесі үшін берілді. Оның еңбектері кейінгі 200 жылдағы еңбек нарығындағы гендерлік теңсіздіктің себептерін зерттеуге арналған. Өткен ғасырларда әйелдер еңбегі туралы ресми ақпарат болмағандықтан, авторға архив қорларынан дереккөздерді іздестіру және мәліметтер базасын құру үшін нақты детективтік зерттеу жүргізуге тура келген. Міне, сол қажырлы еңбегі әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы мен мансаптық мүмкіндіктердегі алшақтықты біртіндеп азайтуға көмектесті.

Айта кетейік, 1901 жылдан бастап үздіксіз беріліп жүрген марапат – ғалымдардың жылдар бойғы еңбегінің мойындалуының көрінісі. Мұндай мәртебелі марапатқа ие болғандардың көпшілігі – АҚШ азаматтары. Бүгінге дейін Нобель сыйлығына 412 америкалық ие болған. Ең көп лауреат атанған елдер бойынша АҚШ-тан кейін 137 лауреаты бар Ұлыбритания және 115 лауреаты бар Германия орналасқан. Оның үстіне, Нобель лауреаттары шыққан ғылым ордалары санынан да Гарвард, Стэнфорд, МІТ сынды АҚШ университеттері алдыңғы қатарды иеленген.

Кез келгеннің уысына түсе бермейтін марапатқа ұсынылғандар туралы ақпар жарты ғасыр бойы құпия сақталады. Тек 50 жыл уақыт өткеннен кейін Швед академиясы мұрағаттарды ашады. Мәселен, 2017 жылдың қаңтар айында ақын Анна Ахматованың Нобельге ұсынылғаны анықталды. Әдебиет саласы бойынша 1966 жылы ең мәртебелі атаққа үміткер болған ақын есімі 5 наурыз күні өмірден өтуіне байланысты тізімнен алынған. Ал құнды сыйлықтың ең жас лауреаты – 17 жастағы Малала Юсуфзай есімді қыз. Пәкістандық бойжеткен мұсылман елдерінде әйелдерге білім алу құқығының берілуі жолында күрескен. Оған жоғары марапат 2014 жылы бейбіт өмір жолында жүргізген күресі үшін табысталған. Юсуфзай 11 жасынан бастап BBC арнасында блог жүргізу арқылы танымал болған.

Сыйлық математиктерге берілмейді. Себебі Нобельдің пікірінше, марапатқа лайықты жаңалық немесе өнертабыс адамдарға пайдалы болуы керек.

Дайындаған Аян Спандияр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!