Ғасырлар бойы ауыздан-ауызға тарап, мұра болып жеткен жыршылық өнерді жалғастырушылар жетерлік. Жан тебірентер терменің мақамын бұзбай, нақышына келтіре орындап жүрген Малика Маратқызы соның қатарында. 4-сыныпта домбыра үйірмесіне қатысып, 13 жасында жыр айтуды бастаған кейіпкеріміз – Қармақшыдағы Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінің шәкірті. Қазақтың қара домбырасының үнін әуелетіп, киелі өнерді дәріптеп жүрген жасқа Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі дәстүрлі музыка өнері кафедрасының аға оқытушысы Руслан Ахметов жетекшілік жасайды.


– Малика, сізді жыршы ретінде танимыз. Оқыр­манға таңсық тағы қандай қырыңыз бар?

– Қолыма қойын дәптер алып, өлең түртетінім бар. Шығар­машылық адамы болған соң көп нәр­сеге уақыт жоғалтқым келмейді. Кітап оқығанды ұнатамын. Бәлкім уақыт өте басқа қырынан да та­нып қаларсыздар. Бір ғана өзгермейтін дүние бар. Ешқашан қолымнан домбыра түспейтіні анық.


– Өнерге келуіңізге не түрткі болды? Қаннан бе­ріл­ген қасиет пе?


– Өнерге тоқталуыма кезінде ата-анам қарсы болған еді. Кейін рұқсатын берді. Дегенмен де өнер адамы бо­луды бала кезден қаладым. Арманымды қалайда жүзеге асыру керек деген ойда болдым. Домбыраға деген қызы­ғушылығым ерекше болатын. Қадірлі аспаптың құлағында ойнауды мақсат тұттым. 4-сыныптан бастап домбыра үйірмесіне бардым. Ұстазым – Айгүл Жағалова. Сол кісіге қызығып өстім. Өнерге келуім қаннан берілген қасиет. Атам жырау, ақын кісі болған. Жорықбай деген. Қазір аға-апайларымыз сол кісінің жырын айтуда. Мұның өзі мен үшін үлкен мақтаныш. Сондықтан да бойымдағы өнерді қаннан берілген қасиет деп толық айта аламын.


– Бұған дейін бірнеше байқауда суырылып шы­ғып, топ жардыңыз. Жақында «Арқада Наушау­бай­дың Нұржаны өткен» атты респуб­ли­калық байқауда бас жүлде еншілепсіз. Талап қандай еді, қиындық болмады ма?

– Тобыл қаласында өткен республикалық жыр-тер­ме, дәстүрлі ән орындаушылар байқауына бар­лығы 18 өнерпаз қатысты. Соның ішінен үздік шығу маған бұйырыпты. Байқау шарты бойынша қатысушы екі әннен орындауы керек. Еркін тақы­рыпта өңіріміздің мақтанышы, тарихи тұлға Базар атамыздың термесін орындадым. Ал Нұржан Наушабайұлы шығармасын дәріптеуде «Тақпақ» атты өлеңін Сырдың мақамына салып айттым. Ешқандай қиындық туындамады. Мен атақ үшін өнер көретпеймін. Өзіме ұнайтын іспен айналысу – өмірлік ұстанымым.


– Кімнің жыры жаныңызға жақын?

– Бұл жерде «мына кісінің жырлары жаныма жақын» деп айта алмаймын. Егер әншілік, бишілік тағы басқа өнер болса, ол кезде біреуге еліктеуге, біреуді үлгі тұтып жақын тартуға болар. Бірақ жыршылық өнерге бұл жат. Жыр өнері болған соң барлық ақын, жырауларды оқып, жырын жаттаймыз. Тек Сыр өңірімен ғана шектелмейміз.


– «Жырау», «жыршы» деп жатамыз. Екеуінің айыр­машылығы неде?

– Жыршы мен жырауды көп жағдайда ажырата алмайды. Жалпы екеуі екі мағына береді. Мәсе­лен, жырау – өзінің жанынан өлең шығарып, мақам сазға салатын, соны орындайтын кісі. Базар жырау деп жатамыз. Базар жыраудың жырын орындап жүрміз. Жырау – қазақ әдебиетінің көрнекі өкілі. Әдебиетте де, тарихта да маңызды орын алар тұлға. «Жырау – эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі. «Жыр» сөзінен туындайды» деген түсінік «Қазақ әдебиетінің энциклопедиясында» берілген. Жыршы – бір термені алып, мақам сазға орнықтырып, соны орындаушы. Дастандарды, терме­лерді орындаушы. «Жыршы – жыр айтушы, таратушы. Жыршылар домбыраның не қобыздың сүйемелдеуімен мақаммен, әнмен айтады. Жыршы жыраулармен бірге өмір сүрген және оған дейін де болған. Әдебиет тарихында жыршылар орны ерекше. Себебі бүкіл жыраулар поэзиясы болсын, эпостық жыр­лар бол­сын, халық ауыз әдебиетінің барлық үлгілері осы жыршылар арқылы жеткен. Олар өзі жырлайтын шығармаларын, толғауын белгілі бір аспаппен сүйе­мелдеп, кейде әуенге салып айтқан. Жыршы – тек жырды жеткізуші ғана емес, ұлы өнер иесі.


– Домбыра тартуды қайдан үйрендіңіз?


– Менің домбыраға жақын екенімді білсе де, домбыраны бір күнде үйренгенімді көбісі біле бермес. Жоғарыда айтып өткен Айгүл ұстазымның Жұлдызай деген қызы болатын. Сол қыз термеде оқитын, өзі бастап маған үйреткен еді. Қызығушылығымнан болар бір сәтте, бір күнде үйреніп алыппын. Сабақтан қашып кетіп, биге барамын деп домбыраға баратынмын. Ұстазымның да берген тәлімі көп. Әр жеткен жетістігім маған бар білгенін үйреткен ұстаздарымның арқасы. Алдағы уақытта мен секілді домбыраға қызығушылық танытқан бүлдіршіндердің арманын орындауға жұмыс істеуге асықпын.


– Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен:
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА