Домбыраға деген қызығушылық пен музыкалық аспаптың танымалдылығы ешқашан тоқтаған емес. Бүгінде домбыраның құлағында ойнайтын жастың қатары артып, дәстүрді жандан­дыруға ниетті аза­маттар көбейген. Бәрінің көке­йінде – ұлттық құн­дылықты сезіну, ескінің жадын жандан­дыру, болашаққа рухани бағдар алу арманы. Бұл ұрпақтар сабақтастығы мен өнер-ғылымның атадан балаға мирас болуының көрсеткіші іспетті.

Жалпы қазақ халқына қос ішекті домбыра туралы мәлімет берудің өзі оғаш секілді. Өткеннен сыр шертіп, тарихты көз алдымызға әкелетін аспаптың қадірі көпке аян. Себебі қанша қасіретті басынан өткерген халық мұң-зарын күймен жеткізіп, қуанышын жырмен бөлісуге дағдыланды емес пе?! Осы сәтте ойға ақын Қадыр Мырза Әлінің  «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп жырлаған толқынысы еске түседі. Осыдан-ақ ерте замандағы қазақтың бұл аспапта еркін ойнап, қос ішектен талай кереметті тудырғанын аңғаруға болады. Сондықтан домбыра бабаның көзіндей ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жеткен бірден-бір асыл қазына екені даусыз.

 Соңғы жылдары ұмыт бола бас­таған дәстүрлерді қайта жаңғырту мақсатында түрлі жобалар қолға алынуда. Солардың бірі «Домбыра пати», «Домбыра фест» шаралары Қазақстанның түкпір-түк­пірінде дәс­түрлі түрде ұйымдасты­рылуда. Ашық аспан астындағы бұл игі шара өнерге құштар жастар тарапынан қолдау тауып, дәстүрге айналғаны көңілге қуаныш ұялатады.  Аталған жобаның аты мен затына бай­ланысты сын пікір айтылса да, ұлттық құндылықты насихаттаудың жаңа фор­матының орны ерекше болып тұр. Себебі жас ұрпақтың киелі өнердің құдіретін ұғынып, оған деген қызығушылығын оятуда бұл әдістің маңызы зор. Оның қыруар қаржымен өтетін жаттанды мерекелік жиындардан әлдеқайда артық екендігі де сондықтан болар.

Расымен де, түрлі жиын-тойларда домбырамен кеш көркін аша түсетін жандарды кездестіру күн өткен сайын қиындап барады. Тіпті, үй біткеннің төрінен табылатын үкілі домбыраны қазір бір ауылдан іздеп табудың өзі қиын. Той-жиын бола қалса, домбыра іздеп ауыл кезіп кететін жағдай жиі болып тұрады. Бүгінде оны тек көнекөз қариясы, не домбыра шертетін адамы бар бірлі-жарым шаңырақтан ғана кездестіреміз. Қарап отырсаңыз, тарихтан сыр шерт­кен домбырадан төгілген күй мен шырқалған әнде терең мағына жатыр. Ұлы даланың өлмейтін өр рухын күй­шілер бізге осы аспаптың құдіретті үнімен жеткізді. Қазіргі заманның тілімен айтсақ, біздің нағыз ұлттық брендіміз.

Шолпан АБИЕВА,

Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейдің

музыка пәні мұғалімі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!