Алматыда 62 киножоба мемлекеттен қаржыландырылатын болды. Бұл туралы брифинг барысында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ өкілінің айтуынша, отандық фильмдерді жас режиссерлер жиі түсіреді.
«Биыл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізген байқау қорытындысы бойынша 62 киножоба қаржыландырылатын болды. 2019 жылы 17 киножоба, ал 2020 жылы 39 фильм қаржыландырылған болатын. Биыл елімізде бір мезгілде 18 толық метражды, 19 деректі, 17 қысқа метражды және 8 анимациялық фильмнен тұратын түрлі жанрдағы 60-тан астам киножоба түсірілмек, бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш»,- дейді Бауыржан Шөкенов.
Айтуынша, биыл мемлекеттік қаржыландыру сомасы 5,6 млрд теңгеден асады.
«Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар фильмдерге 4,95 млрд теңге бөлінетін болса, 500 млн теңгеге жуығы «дебют» санаты бойынша өтетін фильмдерге, тағы 129,5 млн теңгесі кең аудиторияға арналған фильмдерге, 25 млн теңге бірлесіп шығарылған фильмдерге жұмсалады», – деп атап өтті спикер.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!