Құқық қорғау саласындағы қызмет қауырт. Қатаң талаптан өзге, мезгілсіз жұмыс пен түздегі тапсырманың өзі жетіп артылады. Оған халық алдындағы жауапкершілікті қосыңыз. Сондықтан мұндай жауапты қызметте жүру кім-кімге болмасын оңай емесі белгілі. Ал құқық қорғау саласында қатар қызмет ететін ерлі-зайыптылардың жүгі қандай? Олардың отбасы, қызмет, жеке өмір туралы көзқарасы несімен ерекшеленеді?

Аталған сауал көп оқырманның қызығушылығын тудырары анық. Осы орай облыстық полиция Департаментінің Ақпараттандыру және байланыс басқармасының қос маманы – ерлі-зайыпты Дархан Ахмет және Айжан Ахмет туралы әңгімелемекпіз.
Кейіпкерлеріміздің бірдей мамандық таңдауы көптеген сала маманының өмір жолымен ұқсас. Бала арман жетегімен академияға оқуға түсіп, арман қала Алматыда бірге білім алған. 2018 жылы шаңырақ көтеріп, туған жерде қызметті де қатар бастапты.
«Қазалы ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келдім. Бала кезімнен полицей боламын деген арман маза бермей, оқу бітірген шақта таңдау жасауыма түрткі болды. Осылайша, 2014 жылы М.Есболатов атындағы Алматы академиясына оқуға түсіп, саланың қыр-сырымен танысуға жол ашылды. Оқи жүріп саладағы түрлі сайыста үздіктер қатарынан көрініп, білікті ұстаздардың тәлім-тәрбиесінің арқасында сапалы маман болуыма жол ашылды»,– дейді отағасы Дархан Ахмет.
Дархан мен Айжанның табысуларына ортақ білім беру ұйымы себеп болыпты. Екі жас бірге білім алып, бір-бірінің болмысын тану, өзара түсіністік нәтижесін­де шаңырақ көтеруге бел буады. Осылай­ша 2018 жылы бас қосып, туған жер – Қызыл­орда облы­сына бет алған екен. Бүгінде жас отбасы 2 қыз тәрбие­леп, тату-тәтті күн кешуде. Бала тәрбиесі, қызмет мәселесінде жауапкершілікті тең көтеріп, үлгілі отбасыға айналған.
«Құқық қорғау саласы қызметкерінің өмірінде ешқандай артықшылық жоқ. Үйде қарапайым ата-анамыз. Ерекше тәрбие әдісі, не болмаса қатаң тәртіп жоқ. Ел қатарлы тәлім-тәрбие беруге ұмтылатынымыз анық. Екі қызғалдағымыз біз үшін ерекше. Қазір үлкен қызымыз Томирис ата-әжесінің тәрбиесінде. Кіші кызымыз Айлин бізбен бірге тұрады. Бала тәрбиесіне екеумізде бірдей көңіл бөлуге тырысамыз. Қанша дегенмен қыз бала емес пе, әкесі ерке­летсе, мен ширатып аламын», – дейді Айжан Ахмет
Ерлі-зайып­тылардың бір салада, тіпті бір мекемеде жұмыс істеуі қызықты болып көрінері анық. Кейбірі, мұны артықшылық санаса, кейбірі жайсыз ахуал деп топшылайды. Ал Дархан мен Айжанның аталған сауалға жауабы бөлек екен.
– Ерлі-зайыптылардың бір салада қызмет етуінде ешқандай өзгешелік кездеспейді. Құқық қорғау саласында Отан алдында берген антымыз ғана маңызға ие. Ал қалған мәселеге назар аударудың қажеті шамалы. Біз де осы ұста­нымды қолдай­мыз. Бастысы, бір-бірімізді түсініп, қолдау білдірсек болғаны. Себебі біздің арманымыз да, жауапкерші­лігіміз де бір», – дейді Дархан.
Елге қызмет етіп, тәртіпті сақтауға үлес қосу – ауыр жүк, жауапкершілігі мол міндет. Ал ерлі-зайыптылардың мұндай жүкті артуы мақтауға тұрарлық. Сондықтан, Дархан мен Айжанның ұстанымы мен өмір жолы көптеген жас отбасыға үлгі болуда.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!