«Мен сабақ берген студенттердің 70 пайызы мамандық бойынша жұмысқа орналасып кетті» дейді Қызылорда медициналық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы Азамат Дастан. Бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаз – аталған оқу орнының түлегі. Мұнан бөлек, Санжар Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медицина университетінде білім алды. Бүгінде магистрлық білімді Ресейдің Томск қаласынан алуда. Білікті маман осы күні колледжде мейіргер ісі пәні бойынша шәкірт тәрбиелеп келеді.
Бүгінгі студенттің талабы таудай екенін айтқан ұстаз әлсін-әлсін өзінің алдынан өткен шәкірттерді байқап қалады. Тіпті, жедел жәрдем шақырғанда да оқу орнының түлектері көп кезігеді екен.
– Бір күні қатты ауырып қалдым. Бір есімді жиғанда жедел жәрдем қызметкерлерінің қатарынан шәкіртімді көргендей болдым. Кейін аға қызметкерлеріне хабарласқанымда, маған алғашқы медициналық көмек жасаған сол шәкіртім екенін білдім. Тіпті басшылары да хабарласып айтып, мақтап жататын шәкірттерім көп. Ондай кезде данышпан Абай айтқандай «еңбегің кетпес далаға» болғанын көріп, қуанып қаламын. Ал оларға сабақ беру барысында түрлі әдіс-тәсіл қолданамыз, аспаптарды көзбен көріп, қолмен ұстап үйренген баланы емдеу мекемелеріне жібереміз. Балалар сол жақтан пісіп, жетіліп, дамып келеді. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, – дейді Азамат Дастан.
Алғашында емдеу мекемесінде еңбек еткен Азамат кейін бағытын ауыстырып, ұстаздық етуге көшіпті. Өйткені, оның жүрек төріндегі қалауы да осы болған. Әйтсе де бұл оның осалдығы емес, Азамат Қазақстан бойынша медициналық оқу орындарының ең үздік 100 студентінің қатарына да кірген.
– Дәрігер болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Рас, бұл – мамандық, бірақ мамандықтан бұрын – жауапкершілігі зор сала. Мен шәкірттеріме мұны жиі айтамын. Дәрігердің бір қолында – өмір, бір қолында – өлім. Өмірді таңдап, елге қызмет ете білу керек. Адам өмірін ажалдан арашалап алып қалатын сала. Сол себепті бұл салада таныс арқылы жұмыс істеу, аға-көкенің арқасында ілініп-салынып жүру деген жоқ. Бұл салада әркім өз еңбегімен көгереді. Өзім студент кезде республикалық байқаулардан жеңімпаз атанып, колледждің мақтанышына айналғанмын. Қазір менің шәкірттерім де сол деңгейде келеді. Ұстаз үмітін ақтаған жанмын. Иә, мен ол үшін қуанамын. Шәкірттерім де осылай үмітті ақтап жүрсе, мен үшін одан артық не керек? – дейді оқытушы.
Иә, бүгінгі студент – ертеңгі білікті маман. Сондықтан оларды осы кезден бастап Гипократ антына адалдық танытып, ел игілігі жолында еңбек етуге баулу – Азамат тәрізді ұстаздардың мойнындағы жүк. Бүгінде Азаматтың шәкірттері емдеу мекемелерінің үздік қызметкерлерінің қатарында. Өзі еккен ағаштардың жемісін көрген сайын оның да төбесі көкке жетеді.
Дәулет ҚЫРДАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!