Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің төр­ағалығымен аймақтағы жастар саясаты мәсе­лелері бойынша мәжіліс өтті. Жиында аймақ бойынша NEET санатындағы жас­тар және Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарын бітірген қызылордалық түлектерді жұмыс­пен қамту бағы­тын­да атқарылған жұмыстар күн тәртібіне шықты.

Кеңесте «Облыстық жастар ресурстық орталығының» дирек­торы Асқар Құрмаш, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова, облыстық индустриялық-инновациялық да­му басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова атқа­рылып жатқан ауқымды шаралар бойынша баяндама жа­са­ды.

«Қараша  айы  NEET  санатындағы  жастармен  жұмыс жа­сау айы ретінде белгіленген болатын. Облыстық ішкі саясат бас­қармасы, барлық деңгейдегі «Жастар ресурстық орталықтары» жергілікті әкімдіктер, салалық құрылымдармен бірлесіп, 1-12 қараша аралығында қала, аудандар бойынша адрестік жұмыстар жүргіздік. Жас мамандардан бірнеше мобильді топ құрып, қала, кент және ауылдық округтерді аралап, сауалнама алынды. Облыс жастарының 38,3 пайызы қамтылды», – деді Асқар Құрмаш.

Сондай-ақ Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарын бітірген қызылордалық 26 түлекті жұмыспен қамту мәселесі де қозғалды. Мәліметке сүйенсек, қазір оның 20-сы тұрақты жұ­мыспен қамтылған. 1 ақпанға дейін қала, аудан бойынша NEET санатындағы жастарды толықтай анықтау, 2021-2022 жылы оқуын аяқтайтын түлектерді жұмыспен қамту бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу көзделуде.