Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі және әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай Ұлттық ұлан қатарына қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

фото: Stan.kz

Санжар Тәшкенбай Алматыда борышын өтейді. 5571 әскери бөлімінің саптық шеру алаңында Отан алдындағы борышын өтеу үшін еліміздің әр өңірінен қызмет етуге келген 700-ге жуық жас сарбаздың салтанатты түрде әскери ант қабылдауы өтті. Олардың қатарында әлем чемпионы да бар. 

«Армия – жігітке көп нәрсе беретін шынайы өмір мектебі. Боксшы ретінде бұл маған өте маңызды. Мен Ұлттық ұлан қатарына шақырылғанымды мақтан тұтамын. Мен абыроймен қызмет атқарып, әскери бөлімнің туын жоғары ұстаймын, – деді қатардағы жауынгер Санжар Тәшкенбай.

Санжар Тәшкенбай – 2021 жылы өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы, 2023 жылдың мамырында 48 келіде жұдырықтасқан ол Ташкенттегі әлем чемпионатында жеңіске жетті. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!